Ерлік жыры
Бұл бетте «Ерлік жыры» атты Еркеш Ибраһим жазған ерлік туралы өлең берілген.
(Кеңестер Одағының Батыры Мартбек Мамыраевқа арнаймын)
О достар,
Бұл ерлікке ғашықпын мен,
Ерлікке ел шаңырағын ашық түрген.
Бұл сөзді пенде болып айту үшін
Кетуге өлең болып асықпын мен.
Мұнартқан жанарымда
дала таңы,
Басқаны бүгін одан қаламады.
Аспанда ай болсам да сорғалар ем,
Сүюге бүгін Мартбек жан ағаны.
Мәрт аға,
Ғашықпын мен өзіңізге.
Көз жетпес
сонау терең көзіңізге.
Ғашықпын ол толқындап
тұрғаныңда,
Желкен боп кететұғын көзіңізге.
Тірлігі - соңғы жасыл
жапырағында,
Тұр оның Сталинград экранында.
Танытқан сонда сенің пулеметің
Әкесін алғаш Паулюс
шаңырағында.
Мәңгілік Отаныңның есінде әлі,
Өткенің қалай кешіп Деснаны.
Доғасын Курскінің талқан етіп,
Жүргенің Ерліктерді кешіп әлі.
Көзіңнің күлмейтұғын бір қиығы
Тәрізді Днепрдің тұңғиығы.
Днепр астаң-кестең көпір еді,
Сапырған оқ нөсері, түн құйыны.
Күз түні тас қараңғы ала бөтен,
Сал есіп сіз келесіз, тоба, көкем!..
Жартастай қалың жауға салмен кіру,
Мұндайда, шіркін, ерлік болады екен.
Ұшырмай төбесінен бір шыбынын,
Фашистер маздатады түн
«шылымын».
Сапердің күрегімен сал есесіз,
Екеуің - Владимир Гусаревің...
Екеусің...
Не болғаны екеусіңдер,
Құрыштан жаралған ба екенсіндер.
Екеусің...
Екеу ара бір пулемет
Ар жаққа қалай батып өтерсіңдер.
Ұрды жау,
Түсті мина салға жақын,
Мынау не, астаң-кестең,
қан ба жақын?
Ал сендер есесіңдер салдарыңды,
Бола ма асықпауға, таң да жақын...
Мұз толқын кетті сонда салды жауып,
Есер оқ шабаланды жолды қауып.
Қара түн қазақ, орыс егіз ұлын,
Қалайша кірпігімен қалды жауып?!
Қалайша өттің сонда судан кешіп,
Ажалдың азуында арман көшіп.
Атқанда мың оқпенен жалғыз сені,
Аждаһа жатқанында
жардан көшіп.
Төнді ажал,
Төнді сонда құзғын болып,
Бейне бір қас-қағымың
жүз күн болып.
Сол екен жабысуың жар басына,
Сөйледі пулеметің жүз мың болып.
Өліммен тұрғанда өмір
талас болып,
Саусағың қалды білем ағаш болып.
Бір шақта...
Бүкіл жаға күңіренді...
Днепр уралаған Тарас болып.
О, арман!
Арман, сірә, осы ма екен,
Өзеннің күңіренгені жасын екен.
Ашынып қан аралас ағып жатқан,
Тарастай ұлы ақынның
жасы ма екен?
Сіз сөйтіп,
Оқ пен оттың арасында
Шықтыңыз тіл жетпейтін
дара шыңға.
Ағажан,
Сол ерлігің - жүрегімде,
Көзімнің ағы менен қарасында,
Көзімнің ағы менен қарасында.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі