Ана жыры

Бұл бетте «Ана жыры» атты Еркеш Ибраһим жазған ана туралы өлең берілген.

Күміс балға шыңылдайды бір қалып,
Мөлтілдеген ақ бұлақтай ырғалып.
Бірде сонша сыңғырайды мұңданып,
Бірде сонша шыңылдайды шыңданып.
Бір нəзік үн, бір нəзік үн басқаша,
Жан ананың жан сырымен астаса,
Кемейіне жыр құяды көлкілдеп,
Күмк балға күйге көміп тастаса.
Сыңғыр-сыңғыр, сылдыр-сылдыр ағын ба,
Нəзік балға əн шырқайды бағында.
Үйдің іші сайрап тұрған бұлбұл құс,
Шын сұлулық отырғандай тағында.
Сылдыр-сылдыр, сылдыр-сылдыр толқындар
Кейде, кейде ақ қаз болып қаңқылдар.
Тапталады оймақ балға астында
Кейде күміс, кейде зерлі алтындар.
О, алтындар, о, алтындар, алтындар,
Сені көрсе, əр адам-ақ қалтылдар.
Бірақ ана саусағында діріл жоқ,
Тек қана бір қиқулаған қаңқыл бар.
Қаңқылдаған, қиқулаған құс үні
Сан қиялға жетелейді кісіні.
Ана соққан білезік пен жүзікте
Еркелейді сұлулықтың мүсіні.
Отырады ұзақ түнге зер шегіп,
Шабыттанып кеткенінде теңселіп.
Əзер барып көз шырымын алады
Кейде түнді, кейде таңды еңсеріп.
Кейде сонша бұл өмірден алшақтап,
Зер шеккендей, зар шекендей əн сап қап.
Гауһар тастар байланады жүзікке,
Мөлдіреген көз жасындай моншақтап.
Кейде сонау қиял шыңын қиялап,
Бар əсемдік жүрегіне ұялап,
Қырдың гүлі, таңның нұры бəрі де
Саусағынан табады бір тиянақ.
Алтын кесте неше қиян зерленіп,
Армандардың асыл кейпі мөрленіп,
Көмкеріліп, көгенденіп жатады
Бар сұлулық бір саусақта жөрмеліп.
Тебірентеді бəрі, бəрі ананы,
Қыз көзіндей төңкерілтіп тананы.
Жаудыратып, жаутаңдатып қояды
Əншіні де, ақынды да, дананы.
Ана сыры неткен, сірə, көп еді,
Көлкілдетіп көк толқынды шегеді.
Көкшетаудың сексен көлі сілкініп,
Бір танада бірін-бірі өбеді…
Шегеді дəл аудармастан мұнарын,
Қанша үңілсең, қана қоймас құмарың.
Білезікте бұлдырайды Бурабай,
Жаһандағы жалғыз тағып тұмарын.
Сақинада сексен ару сыңсиды,
Қызуынан əнші, сері күнсиді.
Жиырма бестің жымыңдатып шілдесі,
Жиырма бестің самалымен тыншиды.
Інжу тастың балқытады жүрегін,
Толқындатып армандардың тілегін.
Ақық тасқа атқызады ықылық,
Жаутаңдата жайнатады гүл өңін.
Сырғаларды сылдыратып басқаша,
Мөлдіретіп маржан түйіп тастаса,
Өрнектерін раушан гүлдей құлпыртып,
Жүректерді тілімдейді таспаша.
Отырады бар шабыты құйылып,
Қара қасы қос садақтай иіліп,
Алтын гүлдер, күміс гүлдер үлбіреп,
Қызғалдақтай сағағынан қиылып.
Шолпы шексе, шолпылдатып шабақты,
Тамсандырып тебірентеді тағатты.
Ана қолы неткен шебер əулие,
Ана ойы неткен қыран қанатты.
Күй құяды кеудесіне күмістің,
Күлімсіреп тіл қатады күміс күн.
Ыбырайдың жанарынан сол сəтте,
Жарқырайды найзағайдай мың ұшқын.
Осылай басылмаған көрік қалды,
Əн тыңдап жалын темір өліп қалды.
Балғасы – домбыраның сағасы боп,
Пернелер сал саусағын еміп қалды.
Ұмытқан əннен басқа өзге бəрін,
Бұл күнде кеудесінде өзге дарын.
Мың ирек əуенімен нақыштайды
Көкірек көңілдегі көзде барын.
Кеудесі гуілдейді көрік құсап,
Гүл атқан көктемдегі өрік құсап.
Бұлақтай шымырлайды əн маржаны,
Немесе еркелеген елік құсап.
Тағы да толғанады талай əнді,
Балқытқан сезімдерді алау əнді.
Шырқата шалқытады «Шалқыманы»,
Тағы да бастайды бір баяу əнді.
Баяу үн бара-бара дауыл болып,
Жауады нөсерлеген жауын болып.
Жарқылдап нақыштардың нажағайы,
Ұшады шабыт бұлты ауыр қонып.
Баяу үн бара-бара өрт болады,
Махаббат жалындаған дерт болады.
Көріктей гуілдеген əн болады,
Айқасқан ала құйын серт болады.
Созады «Маңмаңгерді», «Жанбаспасты»
Табады пернедегі жан баспасты.
Ұшады қияларға қияндатып,
Қонады шыңдардағы таңдап тасты.
Созады əн бөбегін «Мақпал қара»,
Сезімде сүзіледі ақтан қара.
Басқаға ұқсамайды бір əуені,
Ұшады жеке шырқап оқтан дара.
Осылай шығандайды дара шыңға,
Көкшенің кербез сұлу даласында.
Бейне бір гуілдейді көрік болып,
Əн шалқып ет пен тері арасында.
Сол үшін оны жауы көре алмаған,
Өнердің құдіретіне көне алмаған.
Бір кезде аңқау, сенгіш жас ұстаны
Əуелі бауыр, сонсын төре алдаған.
Өжет тіл өз үкімін кесіп айтқан,
Майысып маймаңдамай, шешіп айтқан.
Мен ертең жығылам ғой деп ойламай,
Меселі еңсесімен өсіп айтқан.
Жай құсап қиянатты қиып түскен
Қырандай қос қанатын түйіп түскен.
Сілбіреп сіркіремей сілемейлеп,
Нөсердей көктемдегі құйып түскен.
Не болса, ақыр соңын бір-ақ күткен,
Мың сөзді буын салып бір-ақ түткен.
Теңіздей шайқалса да сұрақ біткен,
Жауабы қос ішекті қынап біткен.
Бар-ау деп дұшпандарым бек күндеген,
Ыбырай аңғармаған екпінменен.
Ұстадан қара мұрын шыққан кедей,
Жуанды үзбек болған текпінменен.
Малдыны өрт тілімен қуырардай,
Зəлімнің əнмен уын суырардай.
Бір жалын Ыбырайды шыдатпаған,
Бойында шын алтынның буы бардай.
Жоқтықты қолы қысқа уайымдамай,
Ешбір де сəтсіздікті мойындамай.
Ыбекең əн базарын қыздыратын,
Дегізбей «ақын аға, халың қалай…».


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері