Кездесу
Бұл бетте «Кездесу» атты Еркеш Ибраһим жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Əн мен күйге бір сусындап жан шөлі,
Мол қызыққа кенеледі əнші елі.
Сексен көлді шайқалтады үнімен
Сарыарқаның бұлбұлдары сал-сері.
Өңшең бұлбұл, өңшең дүлдүл шын дарын,
Жаңғыртады Көкшетаудың шыңдарын.
Əзілімен, қалжыңымен жарасып,
Əнмен ғана білдіреді шындарын.
Көкшетауда осындай бір думан-ды,
Гүлдер бүгін əнмен бетін жуған-ды.
Өңшең бұлбұл, өңшең дүлдүл дарындар
Бірін-бірі өнерімен буған-ды.
Оқжетпес те бүгін ерек мұнартып,
Ақындарға арманы мол сыр артып,
Тынып қалған, тұнып қалған тіршілік,
Бəрі, бəрі сал-серіге құмартып.
Ақ қайыңдар көк шыбықтай солқылдап,
Көл Бурабай көк шəйідей толқындап,
Асқақ əнін аңқылдатса Ыбырай,
Айдындағы аққу бірге жарқылдап.
Жаңғырығып бүкіл таудың тастары,
Қақ жарылып əннің биік аспаны,
Шырқап ұзап, шымыр ұшып, шығандап,
Əуендердің əуендері, асқағы.
Қиядағы қарағайлар күлтілдеп,
Айнакелдің ақ толқыны бүлкілдеп,
Сал-серіні ұйып бүгін тыңдаған
Ақша бұлттың ақ торғыны үлпілдеп.
«Сиыр тасқа» ыңқылдаған үн біткен,
Сексен көлге сұңқылдаған тіл біткен.
«Шөккен бура» мойнын созып айнала,
«Жеке батыр» қарап қалған түндіктен.
Келгенінде кезек Жабай ақынға,
Серілерше қонақ кəде хақында.
Тал жібектей үзілдіртті бір əнді,
Шүпілдеген толы мұңға, лапылға.
Жатқан семсер сияқтанып қынапта,
Ұқсап өңі мың құбылған сынапқа.
Қоңыр қаздай сұңқылдатты бір əнді,
Сағынышы самғап ұшып жыраққа.
Қоңыр үнін талмаурата үзілтіп,
Келге қонған қоңыр қаздай сызылтып,
Балдай əнін балбыратып бұлақтай,
Толқынында сағынышын сүзілтіп.
Бар табиғат тұнып қалған, дем іште,
Осынау əн боп тұрғандай бір періште.
Бар тіршілік іңкəрлікке тілектес,
Ақын қашан жетеді деп жеңіске.
Ақын кенет көл бетіндей бұзылды,
Ызғар соғып қас қағымда гүл үнді.
– Сүйгеніме ұнамады осы əн, – деп.
Ыбырайдың тізесіне жығылды.
Шын ғашықпын бір сұлуға, Ыба аға,
Бұл жанымның от-жалынын ұқ, аға.
Өзің барып бір əн арнап бермесең,
Бұйырмайды маған деген сыбаға.
Ол бір ерке ақ маралдай керілген,
Екі аяғын бір басуға ерінген.
Қанша қусаң жеткізбейтін киігім,
Жаңасынан туған айым көгімнен.
Қыр елінде қол жетпесім, құмарым,
Егіз аққу сияқтанған сыңарым.
Сол арудан мен айырылсам, Ыбеке,
Екі талай тірлік етіп тұрарым.
Бұл жанымда, Ыба, сондай түтіндер,
Əн патшасы өзіңіз боп үкім бер.
Үкім бер де, бір əніңді қи маған,
Əніңді де, сұлуды да бүтін бер.
Сол қыз еді, аға, менің жеңерім,
Əттең, шіркін, жасық түсті өнерім.
Əн жалғасын сол ауылда өткізіп,
Өзіңіз шеш көнбесін де көнерін.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі