Менi мынау жалғанда

Бұл бетте «Менi мынау жалғанда» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Менi мынау жалғанда
Түсiнетiн жан бар ма?
Жан дарағын жай ұрар,
Жаңа бүршiк жарғанда.

Ақпа-төкпе нөсерден
Әрқалай күй кешем мен.
Әлмағайып жан ба едiм
Ана сүтiн кеш емген?

Атқан таңмен ағарған,
Батқан күнмен қабарған
Кiм аясын ақынды,
Қыздан нәзiк жаралған?

Кiл шаһбаз,
Кiл «мықты»
Дос болмады кiндiктi.
Жалқауға да жал бiттi,
Мылқауға да тiл бiттi.

Аузымен құс тiстеген
Қандай күйге түстi өлең?
Әкiм менi неғылсын,
Ат үстiнен түспеген?

Белгiлi ғой қалған жәй,
Болушы едi хал қандай:
Қара жерге жас емес,
Қарашығым тамғандай!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері