ДЕ – мократия
Бұл бетте «ДЕ – мократия» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Инабат шетке ығысты,
Жыландай жылжып ЖЫН ептеп...
Сұм Батыс сұлу Шығысты
Күлiнен шығар күң етпек.
Мұрыны ұқсап мұржаға,
Мүштегiн сорар құлаштап!
Түнерiп келген мырзаға
Түндiгiн түнде Күң ашпақ.
Қайыңдай кербез қалқаға
Қарасаң еттi, Құдай – Хақ?!
Қазына бiткен қалтада,
Казино бiткен – Жынойнақ!
Сырт қалмай сыбағасынан,
Жаулады жанды даңғаза ән.
Мешiттiң мұнарасынан
Талығып шықты таңғы азан...
Құтырып шыға келгелi
Құлағы тесiк құл бiткен,
Есiктен Елес енбедi,
Енбедi сәуле түндiктен.
Айласын азғын асырды:
Аруға күннен түн қызық.
Жатырмыз Жаңа ғасырды
Есекке терiс мiнгiзiп.
Таба алмай тосқын тасқынға,
Қасiрет шектi қанша Үмiт?..
Сұмпайдың аяғы астында
Сұлулық жатыр жаншылып!
Кiм әлсiз бүгiн?
Кiм мықты?
Құтырып жатыр құл бiткен!
Шырайлы Шығыс – Шындықты
Құтқарар кiм бар күңдiктен?
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі