Аспантырақы
Бұл бетте «Аспантырақы» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Аспантырақы деген құс бар. Құйттайлығына қарамай, дәмесi дардай осы құс қайбiрде шалқасынан түсiп жата кетедi екен де, «Мұның не?» дегендерге: «Көрмей тұрмысың, құлап кетпесiн деп аяғымен аспан тiреп жатырмын ғой?!» дейдi екен. Сол айтпақшы, сорымызға қарай емешегi үзiлгенсiп жүрiп, елдi сүлiкше сорған аспантырақылар бiздiң де арамызда аз емес...
Шекпен киген шендiлер, мансаптылар
Әлi талай сабазды сан соқтырар.
«Өгiзқара күшi бар» өзiмшiлдер
Өле-өлгенше өз құлқын аңсап тұрар.
Аттан түсiп,
Мырзалар атқа мiнген
Қорқуды да қойғандай Хақ-тәңiрден.
Кiредi олар кердеңдеп кеңселерге,
Шығады олар керiлiп аппақ үйден.
Жапалақ пен үйiрсек жарға құзғын.
Қарайғанын қайтейiн қардағы iздiң...
Тарым жатыр iшiнде тар қауыздың,
Жаным жатыр iшiнде жалмауыздың!
Едiрейген, ей, аспантырақылар,
Сендерге арнап бiз жақтан жыр оқылар:
Мың жылда да мыңқ етпей тұрған мылтық
Мың бiрiншi мезетте бiр атылар!
Қапы кетпес қаңғырып қарғыс оғы –
Хақтан безген талайлар қан құсады!
Ақ пен қара аяусыз андысады,
Тiршiлiктiң сөнгенше мәңгi шамы...
Жан-денесi уланған жат тiлiмен
Айқас оңай болған ба аттылымен:
Өмiрiмнiң тұнығы лайланып,
Өзенiмнiң жылымы ақты күрең.
Жар жағалап кетпесiн мас денелер,
Хақ тағала, пендеңе бас бере гөр.
Қас дұшпаннан қашанда қауiптiрек
Мас денеге жабысқан тас кенелер!
Көкiрегiне көмбе емес, көң төгiлген
Не күтерсiң ел-жұрттың ертеңiнен?..
Бой-бойыңды босатып, бордай езiп,
«Гөй-гөйiмдi»қашанғы шертемiн мен?!
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі