Ұшқан ұяда – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Ұшқан ұяда» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3561
Төрт жыл жаумен атысқан,
Кезген тау, тас қиясын.
Келді жігіт батыстан
Іздеп ұшқан ұясын.
Не қыларын білмеді,
Баса алмады күйігін.
Құлап түсіп діңгегі
Күлі жатыр үйінің.
Шаң боп ұшып кетіпті,
Жасыл гүлдер — таныс бақ.
Соғыс басып өтіпті,
Табанымен жаныштап.
Айрылды бар күшінен,
Көкіректе шер тұнып.
Үндемеді ішінен
Көпті көрген жер тынып.
Ал аспан ше —
Аспан да
Қарауытты күрсініп.
Тек қана бір жас талда,
Уілдейді тіршілік.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері