Тілші
Бұл бетте «Тілші» атты Ізтай Мәмбетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Сырғанай сықырлатып ақша қарды,
Келеді желе жортып ат шаналы.
Колхоздың қалып жатыр зулап кейін,
Қар көмген егіндігі, бақшалары.
Жас жігіт суыт жүріп асығады,
Ақбоздың тежемеді басын әлі,
Бөленіп мың қуаныш есігіне,
Бір ойдан бір ой алыс асып әрі.
Газеттің бұл солдатын тілші дейді;
Жан адал, күйсін мейлі, күлсін мейлі.
Елінің ер еңбегін өзі көрген
Жүрек боп кеудесінде дүрсілдейді.
Тынбайды ол жазғы ыстықта,
жауындарда,
Күздегі қара суық, дауылдарда.
Кейде авто, кейде жаяу, кейде осылай
Барады отарларға, ауылдарға…
Аралап бүгін жырақ жайылымды,
Қойшының көкей сырын бәрін білді.
Тозыңқы қойын дәптер қолында оның,
Сан рет ашылды да, қайырылды.
Сырғанай сықырлатып ақша қарды,
Зуласын аялдамай ат шаналы:
Жеріне өзі келген, сөзі керек,
Сүйсінтіп малшы ағаны, жақсы ағаны.
15 февраль 1957 жыл
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі