Сал сары
Бұл бетте «Сал сары» атты Ізтай Мәмбетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Ахмет Жұбановқа арналады
Толғау
Ертеде сері де өткен, серке де өткен,
Ел іші еміреніп еркелеткен.
Кім білсін, құмары ма, мұрады ма,
Өмірін өнегелі ертек еткен.
Ер өткен ел табынған бір өзіне,
Қыз өткен жұрт қызыққан мінезіне.
Ошаққа ошарылып сорлы да өткен,
Жігері күн езіле, түн езіле.
Бай өткен бұлықсыған барлығына,
Би өткен ұлықсыған жарлығына.
Талайлар түнде ұрланып, таңда жортып,
Тағдырдың көнбей өткен тарлығына.
Ақындар той-думанды алқалаған,
Күйшінің бармағынан бал тараған.
Жез таңдай шешен де өткен, көсем де өткен
Халықтың қасіретін арқалаған.
Солардың бірі маған үн қатады,
Алыстан шемен сырын тыңдатады.
Қайраты құлшындырып, сүйсіндіріп,
Қайғысы қабырғама шым батады.
Жан еді жалындаған өртке бейім,
Көтерген өнерімен көп мерейін.
Қасына қаһарлы еді қаңтар-сынды,
Досына дарқан еді көктемдейін.
Жаралған жан емес-ті шерге бейім,
Тұсаған тағдыры бар, мен не дейін.
Əйтеуір шаттығына шалқиын да,
Толғанса, өзімен бір тербелейін.
Ал кеттім, əл жеткенше жосылайын,
Көңілдің бола берсін хошы дəйім.
Кешегі арманда өткен Сал Сарының
Үніне өз үніммен қосылайын.
Көкжидеде
Қыз Қосан əр қыздардың Құдайындай,
Өзге қыз судың шалшық лайындай.
Қарама, қасқа Қосан, көзің шыққыр,
Көзіңе көзім түссе, жылаймын да-ай!
Сары
Қоңыр кеш, дала кеші желі тымық,
Саф ауа қалықтаған жеңіл, тұнық,
Шалғынды шырша тоғай құсқа толып,
Сімірген салқын лепті жер ынтығып.
Қызартып күн жалқының төбелерді,
Құлпыртты желкілдеген көделерді.
Жалтылдап соңғы нұры су бетінде,
Жылжып жай көкжиекке шөге берді.
Басылып жалшы үні де, мал шуы да,
Жай тауып бай көңілі байсуына,
Ақ үйлер, қараша үйлер ірге түріп,
Жап-жаңа қанып алған шай-суына.
Бұл ауыл – ауылы еді Сидақ байдың
Жастары сауық құрмай бір жатпайтын.
Қосылып ақын, əнші өнерпаздар,
Көрікті Көкжидені күй қаптайтын.
Көкжиде мөлдіреген көл еді бір,
Қаз қонып, үйрек ұшып, өреді құр.
Қоғасын қоңыр самал қозғап ойнап,
Айдынын айлы түнде өбеді нұр.
Думан боп күнде көлдің төңірегі,
Əн мен күй тамылжып кеп төгіледі.
Қызықтап қыз-бозбала жастық шақты,
Жүректің қалауына беріледі.
Кінə жоқ, мейлі жастар сайрандасын,
Барында қатар-құрбы жайраңдасын.
Ертең-ақ кетеді қыз ұзатылып,
Кім білсін, қалдырар ер қайда басын.
Өзім де осындайда отыра алман,
Кеудемді кернейді де нөпір арман,
Дулы кеш, сауық десе желігемін,
Қырыққа болсам-дағы жетіп алған.
Əлі де басылмаған албырттығым,
Табар ол күні жетпей нағып тыным.
Бойымды буады ыза, көрсем егер
Біреудің ерте есейген салғырт түрін...
Бүгін де қызды думан көл қасында,
Құрылған алтыбақан дөң басында.
Мамық кеш, салқын ауа бой сергітіп,
Айнала жарқылдаған толды асырға.
Əнші қыз əткеншекте тербетіліп,
Бозбала қиылады жерде тұрып.
Сол шақта екі жүрек жалғасқандай,
Соғады бірге тулап, бірге тынып.
Кенеттен бар төңірек тынып қалды,
Тербелмей алтыбақан тұрып қалды.
Тып-тыныш маужыраған мезгілде осы
Ауылға басқа бір əн жуықтады.
Жуықтап келе жатты басқа бір əн,
Қалықтап асқақ үні аспанынан.
Шымырлап ұйыды да қаймақты көл,
Шаңқ етіп, қоя қойды таста қыран.
Тастай сап ақсүйегін бала-шаға,
Кəрілер шақшаларын қаға сала,
Қатындар жаулықтарын ала сала,
Мəз болды келе жатқан тамашаға.
Əн баурап, ынтызар ғып, алып есті,
Баршасы: «Сары ғой бұл, Сары!» десті.
– Құрбылар, қарсы алайық сый-құрметпен,
Созайық таңға дейін сауық-кешті! –
Деп қалған қыз бетіне қаны шығып,
Қан емес, кететіндей жаны шығып,
Тұр жайлап, бал-бұл жанып, тым асығып,
Жеткенше құмар болған əні сүйіп.
Қыз екен бидай өңді, жар қабақты,
Қара көз, қыр мұрынды, бал тамақты.
Өзгеден бойшаң біткен сұлу тұлға
Өзіне жігіттерді сан қаратты.
Бірақ та батып ешкім тіл қатпаған,
Дүрсілігін жүрегінің тыңдатпаған.
Келеді еркін өсіп, бұла қыз боп,
Атанып кəмшат бөрік бұлғақтаған.
Қос бұрым қос жыландай иретілген,
Қос етек бұлаң қағып сүйретілген.
Ортада тұр ойнақтап, жалт-жұлт етіп,
Құлындай қолға жаңа үйретілген.
Сидақтың сылаң өскен Қосаны бұл,
Осындай ойын-тойға қосады нұр.
Əйтсе де жастайынан қалың беріп,
Айттырған əлдекімнің қосағы бір.
Қосанды қалың жатқан Қабақ елі,
Бақтағы бұлбұлына балап еді.
Ұзамай ұзатылмақ Төртқараға,
Көреді маңдайынан бара нені.
Есімін көп есітіп Сал Сарының,
Жүретін ойлап өзін, аңсап үнін.
Міне, енді кездесетін сəті келіп,
Жас ару жоғалтып тұр жан сабырын.
Жақындап бірте-бірте əн келеді,
Қыз-қырқын үстін сипап сəнденеді.
Қосан тұр бір қызарып, бір бозарып,
Жүрегі сезетіндей əлденені.
Баяулап əн бітті кең тыныспенен,
Со бойда сыпайы бір жүріспенен,
Астынан жаңа туған жарық айдың
Жарқ етті ер-тұрмандар күмістеген.
Аттардың жып-жып етіп аяқтары,
Сумаңдап көл басына таяп барды,
– Құрбылар, думан қызсын, орта толсын! –
Деп бірі күткендерге қарап қалды.
– Кемтігі толсын онда өздеріңмен, –
Деп Қосан араласты сөзге бірден.
Барлығы ортадағы дəу жігітті
Ұрланып жеп барады көздерімен.
Қапсағай, ер мұрынды жігіт еді.
Келбеті көрген жанды жібітеді;
Əнімен, сəнімен де сері Сары
Секілді жас қауымның гүлі тегі.
Бір-бірін қыз бен жігіт біле-тұғын,
Сырттай тек ынтызар боп жүре-тұғын.
Ұғысты ұлы сырды қас-қабақтан,
Тапқандай дос көңілдер, міне, тыным.
Қайтадан қызды думан дуылдаған,
Жаңағы жақсы күймен суынбаған.
Кейбіреу əншиінде əнші атанған
Өгіздей аузын үнсіз буып алған.
Соны айтып қыз-келіншек əзілдесті:
– Қайтсін-ай, дауыс та жоқ, əні де ескі.
Өздері өлеңдетіп сонан кейін,
– Енді, айтсын əнші Сары, Сары! – десті.
– Қосылсын Қосан оған, – деді бірі, –
Ашылсын əсем əнмен көңіл кірі...
Сол екен, əткеншектен қыз бен жігіт
Жүректің нəзік сырын төгілдірді...
Құрбым-ау, жас күніңді ал жадыңа,
Көз салып отыз жастың аржағына.
Қасына қалаулыңның тұңғыш барып,
Өн бойың бөленбеп пе ед жалынға?
Көңілің кенелгендей тұнық нұрға,
Сүйіндің сұлу түннен сыр ұқтың да, .
Сондағы аттай тулап алып ұшқан
Дүрсілін қос жүректің ұмыттың ба?..
Дəл сондай күйде қазір Қосан, Сары,
Айтылып жатыр əнмен дос аңсары.
Бір-бірін көрмесе де адаспапты.
(Жастықтың жалын атқан осы-ау сəні.)
Қалжырап тап мұндайда бар ма талған? –
Тарады сауық-сайран таңға таман.
Ұйқысыз осы түнді өткізіпті
Жас түгіл кемпір менен шал да тамам.
Болса да Қосан – Сары, сірə, ғашық,
Бұл жолы тілдескен жоқ сырлар ашып.
Лебізін махаббаттың білісті тек.
Қыз қалды, кетті жігіт қырдан асып.
Жігітпен соны əуез бар кеткен бірге,
Сол, міне сыр құяды көп көңілге.
Қыз тұрды, ауыл тұрды құлақ түріп
Алыстан еркін шалқып жеткен үнге:
«Қыз Қосан əр қыздардың Құдайындай,
Өзге қыз судың шалшық лайындай.
Күте бер, сұлу Қосан, үміт үзбе,
Жетермін осы жаздың бір айында-ай».
Абақтыда
Батақтың баласыедім тұтқындағы,
Көмекей көрінбейді жұтқындағы.
Би-болыс, арыз салып жата берші,
Мен де бір қызыл түлкі батқылдағы.
Сары
Тұтқынды табиғаттың өзі аяды,
Шілде өтіп, болып қапты жаз аяғы.
Соғады салқын самал Ырғыз жақтан,
Мазасыз күндер енді азаяды.
Өзі тар, өзі аласа абақтыны,
Тұратын аңызақтың жалап тілі.
Ыстықтан ығыр болған кіріптарды
Бүрге де боршалайтын талап, түгі.
Бір жақтан қарауылшы қалшылдаған,
Қит етсе қаһарланып қамшыны алған.
Бітеді əлсіздердің демі кейде,
Қанын да бір сүрте алмай тамшылаған.
Қалжырап бүгін де бір өлді кəрі,
Қуарып жастардың да солды бəрі.
Сарғайған Сарының да шөлі қанбай,
«Қара шай бір қайнатым болды дəрі».
Ойлап па кезде мұны ол ұсталар?
Жармола жерім деп не қоныстанар?
Амалсыз ала жаздай азап шекті,
Қасында қазақ та бар, орыс та бар.
Ол, міне, бесін болған мезгіл жетіп,
Бастады бір əуенді безілдетіп.
Көк тұтқын құлақ түріп ұйып қапты,
Ерлік те, өрлік те бар сезімге елтіп.
«Баласы мен Батақтың атым батыр,
Ішінде қараңғы үйдің бұ да жатыр.
«Баспақшы басқа түссе» деген сөз ғой,
Төсексіз қу тақтайға жаттық ақыр».
Əн кетті қанат қағып көкке бірден,
Ащы айқай, алапат күш, өктем үнмен.
Шыққандай қақыратып абақтының
Төбесін көмкерілген көк темірмен.
Биікте бір нүктеде тұрды қалқып,
Тамсантып, тұла бойды шымырлатып.
Сонан соң сыбырлатып, сыр ұрлатып.
Əн бітті, əнші тынды ойға батып,
Жантайды ағаш нарды ойбайлатып,
«Сабаздың дауысын-ай!» – деп сүйсінді,
Тұтқындар отырғандай той-тойлатып.
Бір сəтке қайғы-қасірет ұмытылды,
Көкейде Сарының тек үні тұрды.
Қамыққан қайран көңіл əркімдегі,
Серпіліп биігіне бір ұмтылды.
Қошамет көрсеткен жұрт дабырына
Күзетші жетіп келді тағы ұрына.
Бақырып, балағаттап, кəрін төкті,
Сарының тіл тигізіп сабырына.
Бармағын шайнап батыр сол шағында,
Сыпырып кекті тердің моншағын да.
Деп қалды: – Əттең, иттер, жолығар ма ең
Сонау бір, сонау жатқан Шөлшағылда! –
Сонан соң солдат сөзін елемеді;
Ойына өткен күндер келе берді;
Сағынды қыз Қосанды, Тарлан атты,
«Жас пері, əнші Сары» деген елді...
Еске алды қыз Қосанды бұл алыстан,
Бір сəтті сыр айтысқан, құлай құшқан:
Түн еді-ау көзге түртсе көрінбейтін,
Жалмардай ғұмырыңды ұрлай дұшпан.
Тұңғиық түннен батыр қорықпаған,
Қауіпті жолда қашан жорытпаған.
Жəне де бүгінгі түн өзгеше түн,
Өзгеше көңіліне толыпты арман.
Келеді жалғыз өзі Қосанына,
Жасырын жолықпақшы қосағына.
Себебі Мырзағұл мен Шолан болыс,
Кір бүркіп, тіл тигізген дос арына.
Жар сапты бүлініпті қыз аты, – деп,
Өзін де жазғырыпты бұзақы, – деп.
Əйтеуір, олар айтса – батыр Сары
Жанының бүтіні жоқ, сызаты көп.
Дау-шарын Алтон – Қызай арасының,
Бітпейтін мал ашуын, жан ашуын
Сарының бір басына үйіп-төгіп,
Өршіткен өштігі мол дала шуын.
Бір шықса, басыла ма өрт далада,
Бар хабар жеткен жансыз Төртқараға.
Ол жақ та іші қайнап, тісін қайрап,
Депті ғой: – Қайтарылсын кек табанда.
Соңына түссе-дағы бəрі бірдей,
Жүр шошу көңіліне əлі кірме.
Қамшысын нықтай ұстап мырс етті ол:
«Мырзағұл іс қылады əлін білмей».
Жетті де Көкжиденің жағасына,
Тарланнан түсті қарғып Сары асыға.
Беттеді сегіз қанат сəнді ордаға –
Жүректің жазылмайтын жарасына...
Бұлықсып жатыр Қосан төсегінде,
Елемей қастың сөзін, өсегін де.
Əкенің аялаған ерке қызы
Біледі көп екенін досы елінде.
Біледі Төртқараға кетерін де,
Жегіліп бір жаманның жетегіне.
Біледі Сарысынан шын ажырап,
Өмірі өксуменен өтерін де.
Əкенің барып бүгін ол қасына.
Бостандық тілеп еді бір басына,
Қар Сидақ қайыспады, жібімеді.
Айтылды айтылатын сыры ашыла:
– Жан балам, бостан-босқа желікпегін,
Жасыңнан не істесең де ерік бердім.
Бетіңнен қаққан жоқпын, сөккен жоқпын,
Өзіңе, өзіңе тек сеніп келдім.
Халықтың қаңқу сөзін елемедім,
Жазықсыз жабырқансаң, жебеп едім.
Сөйткен сен ата-баба ғұрпын бұзып,
Билік бер дегенің бұ, не дегенің?
Буынсыз жерге енді пышақ ұрма,
Ұятқа қала алмаймын бұл шағымда.
Барасың атастырған адамыңа,
Сол болмақ сыйларың да, құшарың да...
Əкесі байлам айтты бүй деп бүгін,
Біледі Қосан оның бір беттігін.
Ол көнді, көнбеді кім тағдырына,
Амалсыз жат құшаққа кірмепті кім?
Сонда да Сары болар аңсағаны,
Сары деп шыққан күнді қарсы алады.
Сары боп кешкі жалқын алауласа,
Сары боп сипар беттен таң самалы...
Қосанды осындай бір күйде жатқан
Тосын үн селк еткізді ірге жақтан.
Сарысын таныған қыз тұрып еппен,
Есікті ашты ақырын түнде жапқан...
Күншығыс сəл бозамық тартқан шағы,
Далаға дыбыс бермей шыққан Сары.
Əр жерде бұғып жатқан он екі адам,
Дүрілге түрегеліп жұптасады.
Екеуден бөлініп əр тұсқа тарап,
Қамады, қолдан келсе ұстап алмақ.
Бəрі де Мырзағұлдың қолшоқпары
Серіні жүрген бірге күстаналап.
«Бұл Сары қыз Қосанға бір келеді» –
Деп аңдып талай түндер жүрген еді.
Дəл бүгін сасық ойдың сəті туып,
Кеңейіп қалғандай-ды іргелері.
Жан-жақтан жынданғандай жалақтады,
Былапыт бейпіл сөздер боратқаны.
Сарының он екі өрме бұзау тісі
Жанына сірə жақын жолатпады.
Тым таяп қалғанының талайлары
Қамшы мен қол қуатын абайлады.
Сонда да сойыл сілтеп, жабылды топ,
Ұстамақ не мерт қылмақ қалай да əлі.
Сары да көріңдер деп ұрынғанды,
Қойнына тапаншасын жұлып алды.
Асырып бастарынан атқанында,
Кейі қашып, кейі ессіз жығылған-ды.
Сытылып Сары сол сəт жүре берді,
Сайға кеп, сайгүлігін міне берді.
Қуатын жан табылмай ынтық топтан,
Оянған ауыл жұрты күледі енді.
Тарлан да тартынбастан кетті желіп,
Қызынып, бір-бірте, екіленіп,
«Жүріске қажымайды жануарын,
Арбаның белағашы секілденіп»...
Қайрат ер абақтыда күйі кеткен
Отырды ойлап осы күнін өткен.
Апырау, содан кейін не боп еді,
Ұсталдым қандай ғана құдіретпен?
Жүргенмін емін-еркін ел ішінде,
Келмедім би-болыспен келісімге.
Сүліктей сорып, жұртты жуандаған
Мырзағұл сөкті бірде – деп – «ісінбе!»
Қамшымен тарттым сонда жыланбауыр,
Мықтыға мін бола ма мұнан да ауыр?
Түу десе түкірігі жерге түспей,
Бар елді жалғыз билеп қылғанда əмір.
Ол өзі болып болған он сегізде,
Ойлаңдар, мен семіз бе, ол семіз бе?
Тырп етпе, болысеке, тордан шықсам,
Көрерсің, он сегіз бе, сор сегіз бе?
Рас, мен бейқам болдым, ойланбадым
Əр жерде думан құрдым, тойға бардым.
Халқымды жырға бөлеп жүре бердім,
Байлардың пиғылына бойламадым.
Бір түнде жалғыз ұйықтап жатқанымда,
Тап берді қалың солдат қаптады да.
Тарлан мен жолдастарым болғанында,
Түсер ме ем жаудың құрған қақпанына!..
Көп ойдан кенет Сары серпілді де
Қарады есік жаққа екіндіде.
О несі, тағдырына табынды ма?
Əлде бір тəуекелге бекінді ме?
* * *
Күз айы, жадау тартқан жаратылыс,
Күрсініп кем-кетіктей алар тыныс.
Барсаң да қай ауылға – қаяу көңіл,
Бұрынғы той-думан жоқ, дала тыныш.
Тынғандай тіршілік те күйбеңдеген,
(Таңданар, көрсе біреу үйренбеген).
Құдай-ау, көрінбейді қу қатын да
Кеп-кешке ауыл кезіп сүйреңдеген.
Осынау жатқан елді мүлгіп түгі,
Дүңк еткен жаңа хабар дүрліктерді.
Шыласты, сыбырласты Алтон – Қызай,
Сан-саққа сумаңдатып жүйрік тілді:
– Сары жоқ, кеткен бұзып абақтысын...
– Солдаттың сындырыпты санап тісін...
– Əй, одан бұзақылық өтпес сірə...
– Жіберді Орынборға бар актысын...
– Аралап ауылдарды солдат біткен...
Тұр дейді торушысы жолда күткен...
– Бір білсе, Қосан білер деп барғанға
Білмеймін депті заңғар, олла тіптен...
Батырға кəдір берер, зəбір берер
Көбейді алыпқашты əңгімелер.
Ішінде дұрыс та бар, бұрыс та бар,
Үңілсең байыппенен мəніне егер.
Сарының қашқаны рас бұғау тордан
Зар илеу, запыран құсу, жылау толған, –
Көне ме жер бетінде жорғалауға
Балапан қияда өсіп, қыран болған.
Келісті көп тұтқынмен дəмде кешкі,
– Ендеше, бүгін демал, əлден десті. –
Ал ертең кешке сыртқа шығарғанда...
Осылай орыс, қазақ жəрдемдесті.
Іңірде бəрін тысқа шығарды айдап,
Тұтқынның бірі боқтап, бірі айғайлап,
Қаумалап қарауылды қалған шақта,
Жөнеді Сары сайға «а Құдайлап».
Əр ауыл хабарласып, сыбырласып,
Əкетті жау көзінен мұны қашық,
Соңынан қуған қалың қарауылшы
Ізіне бір түсе алмай жүр адасып.
Қосанға хабар салды Сары кеше:
«Кездессін ертең түнде жарым десе.
Бас қорғап Бесқалаға аттанамын,
Қоштассын, сынбай кетсін сағым десе!»
Мінекей, Көкжиденің жағасында,
Сарғайған, сидиған тал арасында
Екеуі тұрды ыстық жолығысып,
Қарамай алдағы не жаңа сынға.
– Қайда да жолың болсын, сері жаным,
Есінен еш шығармас сені жарың.
Өзің де ұмытпас бол сүйгеніңді,
Қалмасын көкірегіңде сөніп жалын.
Мен, міне, саған арнап тіктім қолғап,
Алқымын таспен зерлеп, шектім торлап.
Алғайсың киген сайын мені есіңе,
Жүргеймін жүрегіңде кекті толғап.
– Қайтейін, қиналамын, қия алмаймын,
Бір сені, жақсы күнді қиялдаймын.
Сонда да қырды кезген құлан ғұрлы
Ен жатқан ел ішіне сыя алмаймын.
Тірідей тастайды кім туған елін,
Кербез таң, керілген көл, құба белін.
Қияды кім əдейі ғашық жарын,
Жайыма түспесе егер мына менің?
Білесің сорлатқан кім, сорлаушы кім?
(Халықтан жасырған да жоқ-ау сырым).
«Көз жұмбай, дария кешпес» деген сөз бар,
Ал кеттім, алды тұман жолаушымын...
Сал Сары Тарлан атқа салды қамшы,
Алмақшы ел шетінде таңды қарсы.
Ол кетті «Қош аман бол, аяулым!» деп,
Қыз қалды, кірпігінде қалды тамшы.
Бесқалада
Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап,
Мен кеттім Бесқалаға басым қорғап...
Қыз Қосан, мен келгенше үйден шықпа,
Төртқара алып кетпейд сені зорлап.
Сары
Қаналған қарақалпақ, қазақ елі
Көргені кемтарлық пен мазақ еді.
Қашаннан қарындастай болып бірақ,
Құшағын бір-біріне жаза берді.
Тарихтың тартты бірге тауқыметін,
Қайыспай қайсар жігер тау тілетін.
Қазақтан қонақ келсе, қарақалпақ
Тапжылмай түнді өткізіп, таң түретін.
Қазанға қағып етті сала-тұғын,
Көк шай да келіп алға қала-тұғын.
Жиылмай кең дастарқан көпке дейін,
Əн баурап, жан рақат таба-тұғын.
Сары да сый қонақ боп алды мұнда,
Жүргендей өзі туған Талдықұмда.
Ақ көңіл, абзал жүрек ағайындар
Жадынан шығарды ащы тағдырын да.
Шымбайды, Хорезімді, Қоңыратты
Аралап, баласындай болып апты.
Сезген жоқ үйде-түзде жалғыздықты,
Жалғыздық жанына оның дарымапты.
Той болып бүгін, міне, қыз ұзатқан,
Əн мен күй, əңгіме-дүкен қызып жатқан.
Отырды тыңдап Сары қарт жырауды
Сілтеген салауатты сөзді ұзақтан.
Тілеу ме дос ғұмырын дос ұққанын,
Халықты дұшпан қалай босытқанын? –
Секілді қарақалпақ шежіресі
Бердақтың шертті жырау қосықтарын.
Шертілді ел қайғысы, ер қайғысы,
Жарлының жарытпаған жер қайғысы.
Шертілді жоқшылықтан ошарылған
Баршаны билейтіні бір бай кісі.
Қарт жырау оңтайлана малдас құрып,
Жөнелді жырды қайта жалғастырып.
Сарының көз алдынан өтті күндер
Зарлатқан көкіректен қан жостырып.
Ол көрді «Бозатаулап» босқан ғарып,
Жөңкіліп Жоңғарлардан қашқан халық.
Ол көрді батырларды, бағландарды
Қылыштай қайта ұстаған тасқа жанып.
Қанталау қазақты да қамады көп,
«Ақтабан шұбырынды» заманы боп.
Бəрібір жеңілмеді жауға жұрттар.
Қан кешті, қаптай жапты даланы көк...
Жыр бітті, жырға елтіген Сары отырды,
Тағы да жүрек сыздап, жан толқыды.
Өзі де сезбей қалды бір мезетте
Кеудеден шықты кернеп əн толқыны.
Əн кетті «Дүниялап» дабылдаған,
Үнінде сағыныш пен жанып арман,
Əн кетті əуеге өрлеп, қанат қағып,
Əрі асты жалпақ жазық, шағылдардан.
...Беріпті ескерткішке Қосан қолғап,
Мен жүрмін Бесқалада басым қорғап.
Есіме, о, туған ел, сен түскенде,
Кеудемді жуа берді жасым парлап...
Əн сазы аян етіп дарын күшін,
Əркімнің елжіретіп жандырды ішін.
Қаумалап алқа-қотан отырғандар
Сарының сезді терең сағынышын.
Қонаққа Ақтөбеден келген қазақ
Бастады бір əңгіме елден ғажап.
Бітіпті Алтай – Қызай дау-жанжалы
Бай емес, бұқараға берген азап.
Жəне бір хабары бар ыза тұнған:
– Мұны айтып отырған жоқ өз атымнан.
Ерте-кеш ел аузынан естуімше,
Қыз Қосан Төртқараға ұзатылған. –
Отты көз сөйлеушіні осып өтті,
Жаңағы ынтық көңіл хошы кетті.
Бір қайғы мың қайғыны қозғай-тұғын,
Əкелді қайдан ғана осы дертті?
Əйтсе де бұл ақиқат хабар еді, –
Ұзатты Қосан қызды Қабақ елі.
«Сары!» – деп сарнап кетті сорлы сұлу,
Жоқ болып жүректегі жараға емі.
Айна көл – пəк махаббат куəсіндай,
Тал-ағаш – балғын сезім дуасындай
Ізіне қалды қарап қалыңдықтың,
Қабағы кетті ғой, деп, бір ашылмай.
Өзі жоқ, қызойнақтың орны қалды,
Əлдекім əткеншекті тор ғып алды.
Ауылдың əні кеміп, сəні кеміп,
Сенделтті сең соққандай құрбыларды...
Сал Сары билеп түгел бойды кенет,
Тамағын кеберсіген қойды кенеп.
Тіл қатты төрде отырған ақсақалға:
– Ортаға салайын бір ойды керек.
Күндердің көрдім ащы, ауырын көп,
Үзді үміт жапырағын дауыл үрлеп.
Мықтының тепкісіне төзбегесін,
Келіп ем Бесқалаға бауырым деп.
Көңілден шықтың, жұртым, ыразымын,
Сергідім, серпілді де біраз мұңым.
Сыйладың қарақалпақ, қазақ болып,
Демедің: «Қаңлы ғой бұл, құны аз мұның».
Риясыз дос таптым да тума таптым,
Бəрі де бауырлыққа туған мəрт тым.
Өзіңнің сəбиіңдей еркеледім,
Өзіңнің жігітіңдей думандаттым.
Табиғат саған сондай сезім берді,
Жебедің егілгенді, езілгенді.
Ағайын, аяладың үш жыл ұдай,
Отанға оралатын кезім келді.
Мен де бір байтақ елдің түлегі едім,
Жүдесем, ойлап соны жүдеп едім.
Ақсақал, қатар-құрбы, дос-жарандар,
Ақ бата, рұқсат болса, жүрер едім...
«Жоқ, əзір кетпейсің!» – деп жастар қалды,
Қимады жіберуге асқақ əнді.
Алайда əнші Сары əлгі айтқаны
Толғантты түйгені бар басқаларды.
Сабырсыз сөз шыққанға бəрі ұяла,
Қарасты қарақалпақ қарияға.
Жұрт тынып соның аузын бағып қапты,
Дегендей: «Өз ойынды жарияла?»
– Ит тойған жеріне де мақтанады,
Ер туған жерінде тек бақ табады.
Берейік ақ батаны, алғыс айтып, –
Деп түйіп барша жұртқа қарт қарады.
– Дұрыс-ақ!
– Аталы сөз!
– Мақұлдадық!
– Жолынан құр кідіртіп шатылмалық.
– Ендеше, ренжітпей жөнелтеміз,
Жүретін болса ақыры батыр анық!
Тарланды талай рет таң асырып,
Баптады баяғыша дала шығып.
Сөйтті де сəтті күні Сары аттанды,
Кеудеде жаңа бір əн арасұрып.
Өзбек һəм қарақалпақ, қазағы бар
Бауыр ғой, ажырауды аза қылар.
Сарымен бір көш жерге бірге барып,
Қоштасты қимастықпен əзер бұлар.
Сар желіп Сары батыр сардалада,
Келеді тартып тіке Жармолаға.
Білмейді алда не тұр, көрері не,
Жармола жар бола ма, зар бола ма?
Елім деп емірене əн салады,
Жел соқса, жел желі деп тамсанады.
Жеткенде бір төбеден бір төбеге,
Кетеді ұмытылып шаршағаны.
Тарлан да басын сүзіп, шиыршық атты,
Қайшылап қос құлағын құлшына ақты.
Бір кезде Бозбелеске шыға келіп,
Көрді-ау ер шалқып жатқан Құмсуатты.
Түсіне көп-көп кіріп, көпелестеп,
Жүретін, айхай, туған жер емес пе? –
Батырың байқамады, тама берді
Көзінен күміс моншақ со белесте.
Үш жылғы үмітім ең, жаңа көрдім,
Сен ылғи сағынышты санама ендің.
Асығып келіп тұрмын, əншім десең,
Əн десең, «Дариғай-айды» ала келдім.
Сол əнге талай-талай басып едім,
Басып ап, жасып едім, тасып едім.
Жеттім бе, жетпедім бе арманыма!
Ассалаумағаулайкем, асыл елім!
Орынборда
Дариға, торға түстім сенгенімнен,
Патшаға арыз айта келгенімнен.
Қор болды қайран басым, енді айла жоқ,
Сөзіне залымдардың ергенімнен.
Сары
Сал Сары елге жетті, мауқын басты.
Қадірі қашанғыдан артып-асты.
«Құрбым!» деп қыз-бозбала ойнап-күлім,
Кəрілер «қарағым!» деп қауқылдасты.
Үй-ішім, жекжатым деп жатсын қайдан,
Жас жаны жай тапқасын жақсы райдан.
Шабыттың мінді жүйрік тарлан атын,
Шырқалды еш адамды жатсынбай əн...
Жұрт та оны үйде тыным жатқызбады,
Шақырып дəм-тұзын бір татқызғалы.
Ал Сары барған жердің бəрі сауық,
Ел-елдің еш жерде жоқ салт бұзғаны.
Ер жігіт ел еңсесін көтергелі
Өнерін өрістетсе, бөтен бе еді?
Халқынан хақ сөзіндей алғыс алса,
Өлшеусіз еңбегінің өтелгені.
Сондықтан шақырғаннан қал алмады,
Ауылын Алтон – Қызай аралады,
Аңысын аңлап Сары байқағанда,
Көрінді тату сынды аралары.
Екі ру бірақ ондай емес еді,
Бірдірмей іштей ғана егеседі.
Ісі де Салдың əлі басылмаған.
Болыстың бар бүркеулі бір есебі...
Құрса да сауық-сайран бұлай Сары,
Тұрса да жарқыл қағып шырай, сəні,
Жүрегі жаралы-тын, құсалы-тын,
Сөнді деп бақытымның нұрдай шамы.
Сарнайды оңашада «Қосан-ау!» деп,
«Құдайым қашан бізді қосар-ау!» деп.
«Тіріде жолықпасам, жаным, саған,
Мақшарға бұрын барып тосам-ау!» – деп...
Жүрсе де арыла алмай мұң-зарынан,
Əнімен əлеуметін ырза қылған –
Сарыға шақыртулы сəлем жетті
Баяғы Қызайдағы Мырзағұлдан.
Айтыпты: «Ашуы жоқ ағайынбыз,
Кешірдік тентектігін толайым біз
Дəм тата, кеңес құра келіп кетсін,
Табармыз өзге істің де орайын біз»...
Кең отау, кіл жуандар іркілдеген,
Май басқан бұғақтары бүлкілдеген.
Сонда да Сары олардан тұлғалырақ,
Ортада отыр асқақ бір түрменен.
– Шақыртып, Сары, сені алдырғаным,
Жеткенін айтпақшымын қаңғырғаның.
Апайтөс азамат боп ауылдағы
Бойыңнан балалықтың қалдыр бəрін.
Мен кештім, артық кетсем, сен де кешір,
Тимесін екеумізден елге кесір. –
Сары үнсіз Мырзағұлға көз салады:
«Осы сұм не деп отыр, түйген не сыр!» –
Шет қапсың жаңалықтан расында,
Ұл тапты патша əйелі, ұғасың ба?
Сол үшін жариялап мəнепес ол,
Кешіпті кінəлінің кінəсын да.
Сен де бар Орынборға алып арыз,
Əйтеуір, білуімше бару парыз.
Жандарал өзі-ақ басып пыш-пыш сөзді,
Ақ болып ораласың сонда нағыз. –
Қоштады мұны Шолпан, басқалары,
– Жақсылық білмейді, деп, жастар əлі.
Түгелдей Сары ақталып қайтып ертең,
Алтонды билеп-төстеп басқарады...
Тыңдаған болысын да, өңгесін де
Сары отыр білмей сенер, сенбесін де.
«Қалайша қамқоршым боп шыға қалды?
Керекпін тап осының мен несіне?»
Əзелгі адал көңіл аңқылдаған,
Ағынан бұл жолы да тартынбаған,
Болыстың айтқанына сенді, нанды,
Ұяты бар шығар деп там-тұмдаған.
Дегенде: «Бармайын ба, барайын ба?
Болысқа нанбайын ба, нанайын ба?» –
«Соңынан сөз ерместей етіп қайт» – деп,
Қоймады бүкіл Алтон ағайын да.
Сонымен сері аттанды сапарына,
Орынбор аталатын шəһарына.
Сонымен... барар жерге барғанында-ақ,
Күмп берді азап-дозақ апанына. –
Жандарал екшей оқып арыздарды,
Кейімен темекісін тамызған-ды.
«Батақов Сары арызы» дегенді оқып,
Селк етті қатып-семген жаны ызбарлы.
Сонан соң алды арызын Мырзағұлдың,
Он жазған ішінде тек жыл жарымның.
«Бұзақы, ұры, қашқын, кісі өлтірген,
Сібірде орны, депті, бұл залымның».
«Ə, бəлем, түстің бе өзің келіп қолға,
Салайын сені шықпас берік торға!» –
Сарыны жаптырды да абақтыға,
Мырс етіп бір қисайтты бөрікті оңға.
* * *
Сарылып Сары жатты түрмесінде,
Мың ой кеп мазалайды бір кешінде.
«Кеш мені... арыз апар... ақталасың...»
Дегені Мырзағұлдың тұрды есінде.
Сұмдық-ай, сонда мені алдағаны-ау,
Ажалға көре-тұра айдағаны-ау.
Жалғасқан бір-біріне кілең əкім,
Кедейдік қол-аяғын байлаған жау.
Сырыңды, сұм Мырзағұл, білдім енді.
Мұныңды ұмытылмас қылдым белгі.
Бəрі бір жасымаймын, басылмаймын,
Шығамын, өш аламын, будым белді...
Асықпай бұрынғы бір салды əніне,
Жаңаша екпін беріп əн мəніне.
Үнінде мысқыл да бар, ұшқын да бар,
Жаулары шыдамастай пəрменіне:
«Батақтың баласы едім тұтқындағы,
Көмекей көрінбейді жұтқындағы.
Би-болыс, арыз салып жата берші,
Мен де бір қызық түлкі бытқылдағы»...
– О пəлі!
– Əу, қайтеді-ай!
– Бəрекелді!
– Мың алғыс жандаралға, əн əкелді!
– Осындай өнерпазды кіріптар ғып,
Қамаған темір торғау, қап əкеңді...
Сүйсінген сан халықтың саңлақтары
Айтқызды екі-үш əнді таңдап тағы.
Сонан соң тіл қатысып, жөн сұрасты,
Жай-күйін жасыруға Сал батпады.
Сарыны сүйіп сыйлап барлығы да
Ашынды жандаралдың жарлығына.
Жаз бойы жа жолдастай жүрді бірге,
Дем беріп бір-бірінің зар-мұңына.
Пароммен Ақ Жайықты жалдап əрі
Жұмысқа айдалатын таңда бəрі.
Кешкілік оралатын сол пароммен,
Қарауыл шағын еді – таңданғаны.
Жүретін байқап соны Сарың күнде,
Кешігіп келді аржаққа паром бірде.
Тиеді апыр-топыр тұтқындарды,
Бер жаққа өткізуге дəл іңірде.
Жатты жұрт үсті-басты, бетті су ғып
Паром жай орта жолға жетті сырғып.
Қарауыл көзі бір сəт тайғанында,
Толқынға Сары шапшаң кетті сүңгіп.
Солдаттар айқайлады, атқылады,
Түсе алмай суға бірақ аптығады.
«Біреуін қуамыз деп, бəрі қашса,
Құдайым сонда «баққа» тап қылады».
Қамалап қалғандарды жіті бақты.
Мылтықты жөн-жосықсыз пытырлатты.
«Жан-жаққа жібереміз жылдам хабар,
Ол қазақ, десті, қалай құтылмақ-ты?»
Ал Сары сол кеткеннен мол кеткен-ді,
Əрі алыс, əрі қиын жолды өткен-ді.
Қуантып бұл қашқаны жақтастарын,
Қорқытты өзін алдап сорлы еткенді.
Тағы да Тарлан атқа тақым басып,
Жүр дейді жігіттермен ақылдасып.
Ауыздан түспей аты күні-түні,
Дабысы елден елген жатыр асып.
Қуғында
Бөбейлік қамшы бастым Тарлан атқа,
Басыма қауіп-қатер туған шақта.
Алыстан ат терлетіп іздеп келіп,
Жолықтым тауып алып Самыратқа.
Сары
Сал Сары қашқын десе, болды қашқын,
Қауіпті қарекетке толды жас күн.
Жүреді бүгін мында, ертең онда,
Қамымен қалың жауға алдырмастың.
Қуғыншы қыста қырға бара алмаған,
Сескеніп батыр, бөрі, борандардан
Жаз шығып, тімтінуін жиілетті,
Өзінше бірдеңені боп аңғарған.
Ізіне итше түсті болыс-билер.
Табылса, ол табылған қонысты илер.
Сонда да сүйіктісін сақтады жұрт,
Бір мақсат, бір тілекте тоғысты үйлер.
Аңдыды ағайын, дос солдаттарды,
Байларға арын сатқан жалдаптарды.
Келгенін дер кезінде білу үшін,
Ұйқысыз кезектесіп таңды атқарды.
Бұл өзі əр ауылда əдетке енді,
Дал қылып батырыңнан «дəметкенді».
Сондықтан сері күнде жайбарақат
Құтыртып, құйқылжытып əндеткен-ді.
Бүгін де қағып еркін домбырасын,
Жазуда өнерінің мол құлашын.
Белдеуде қаңтаруды Тарлан аты,
Төбеде қарауылы бейне лашын.
Іргеде жатыр баяу Ырғыз ағып,
Ойнайды суда кешкі нұр қызарып,
Тезектің ошақтағы оты лаулап,
Теректің көлеңкесі тұрды ұзарып.
Үйі бұл Самыраттай жанашырдың,
Есігі қысылғанда сан ашылды.
Жайнатып қабағын да, тамағын да,
Күтеді бəйек болып бала сынды.
Əнін сап өзінің де, басқаның да
Сары отыр, Самырат жүр ас қамында.
«Əскерлер!» – деді кенет бір жас жігіт,
Жиынға жетіп келіп қас қағымда.
Жалма-жан батыр ұшып түрегелді,
Атылып Тарлан атқа мінеді енді.
Жақындап қалған əскер нақ алдынан
Құйғытып жел құйындай жүре берді.
– Əнекей! – Əне кетті! – Бол, атындар!
Құтқарма, қорғасынды боратыңдар! –
Деп шулап бажылдайды солдаттарға
Елірген ез қазақтар – қор қатындар.
Тарлан ат Тайбурылдай тасып тағы,
Қоқандап қуғандардан қашықтады.
Əскерлер оқты қардай жаудырғанмен,
Кеткен-ді көз ұшынан асып та əрі.
Ауылға аламандар кіріп келді,
Кейбірі қабақтарын түйіп келді,
Кейбірі білектерін түріп келді.
Самырат сезді мəнін – бүлік келді.
Бастығы бұлар сүйген ұлды іздейді,
«Алдыма сапқа жұртты тұрғыз!» дейді.
Самырат сасар емес, қашар емес,
Кері ағып кетсе-дағы ырғыз мейлі.
– Бұзықты неге сендер жасырдыңдар,
Хабарлап, жаңа неге қашырдыңдар?
Батақов қашан мұнда оралады?
Айтыңдар, ақ патшаға бас ұрыңдар?
Самырат жалт еткізді көзі отты:
– Ал, тілмəш, дəл түсіндір, сөзің көп-ті.
Оны ешкім шақырған жоқ, жасырған жоқ,
Ауылға өзі келіп, өзі кетті.
– Сволочь! –
Сарт еткізді Самыратты,
Сақалға бет-аузының қаны ақты.
Ойбайлап бала-шаға, қатын-қалаш,
Жас төлді енесіне жамыратты.
У да шу, азан-қазан, үрікті ауыл,
Кеткендей ойда жоқта ұрып дауыл.
«Бұзықтың барар жерін айтыңдар», – деп,
Сабайды, ауық-ауық қылып дамыл.
Қарамай, жас па еді, кəрі ме еді,
Аямай карательдер зəбірледі.
Сарының ізін аңдып аттанарда,
«Келсе егер, хабарлаң!» деп əмір берді.
Жытты олар іздерінен зар шұбаған,
Жатты жұрт шалажансар, қансыраған.
Сыдыртып Тарланымен Сары жетті,
Жүрегін кермек ыза қамшылаған.
Ол мана кілт бұрылып ілкі беттен.
Ауылға бір бүйірлеп келд еппен.
Тасадан тұрды көріп жазалауды,
Бармағын шайнап үнсіз шерлі кекпен.
Асығып түседі ол қарғып аттан,
Түрінде түтігу бар жалын атқан.
«Мен үшін бүкіл ауыл бүлінді», – деп,
Кешірім сұрап еді Самыраттан.
– Қарағым, қамықпа оған, – деді кəрі, –
Сүйеді мына жұрттың сені бəрі.
Сол үшін таяқ жесе, түк етпейді,
Мұндайды айта көрме ендігəрі.
Керегі бізге сенің есендігің,
Қорланба кетті ғой деп есем бүгін.
Алдыңда халық кегін қайтарар күн,
Алдыңда ел сүйсінер неше ерлігің...
Бұл сөзді есіткесін Самыраттан,
Бір ойын білдіреді Сары ұнатқан:
– Болысты ат артына салсам деймін,
Қорықпай Қызай шыққан шаңырақтан.
Сыйлаймын аруақты, шаңырақты,
Бірақ та Мырзағұлға қаным қатты.
Түлігін тік көтере шапсам деймін,
Жаныма мынаусы тым жаман батты.
– Ақылым: арындама, жаңыласың,
Тұсау сал ашуыңа, Сары лашын.
Екі ата қайта қаң боп қырқысады,
Жараны ушықтырып нағыласың.
Жүре бер жасырынып əзірге сен,
Құрбың көп ойнап-күлсең, əзілдесең.
Күн озар, дау-шар тозар, шындық жеңер,
Ұрынба, өз басыңды кəдірлесең.
Сөйледі Сары ойланып: – Ақыл екен.
Ағажан, əз сөзіңді мақұл етем.
Сұмдардың көздеріне сүйел болмай,
Бір жаққа бой тасалап, зат, кетем.
«Жөн!» – деген. Ол жөнеген тағы қашып,
Кеткен-ді, сол кеткеннен Табын асып.
Өзінен бұрын оның əні жетіп,
Əр жерде қарсы алды жұрт жамырасып.
Күн сайын жүзі жылып, жадырайды,
Кешегі ұмытылды жəбір, қайғы,
Дос тапты; жарлы демей, жалғыз демей,
Қайтесің қас қылғасын Тəңір байды.
Жыл жүрді, туған жерді ол сағынды.
Жар сүйген Көкжидені, Шөлшағылды.
Ел болып есі-дерті ертелі-кеш.
Жоғалтты əншиінгі мол сабырды.
Бір күні қош айтысып Табынмен де,
Тарланның көк тер етті таңын демде.
Алдынан соққан самал салқынынан
Жай тапты оттай ыстық жалын кеуде.
...Мырзағұл Сары жайын біліп тұрған –
Ақшаға жансыздарын құнықтырған.
«Əйтеуір бір қайтарсың», – деген оймен,
Жер-жерде жол тосушы жігіт құрған.
Міне, енді хабар алды шықты деген,
Жинады жандайшабын мықты деген.
Самсатты бір жағынан солдаттарды
Арқасын айқасқанда нық тіреген...
Келеді серің əнге салып баяу,
Қуанды ел шетіне қалып таяу,
Осы сəт ойында оның еш күдік жоқ,
Біржола жоғалғандай барлық қаяу.
Жеткенде ел шетіне бесін еді,
Көңілі көтеріліп, есіледі.
Кім білсін, таныды ма жүрген жерін,
Тарлан да танау керіп есінеді.
...Таттырған бір жол бойы дəм-тұз маған
Табында осы жер ғой қалғызбаған...
Сезбеді өз-өзімен болып Сары
Жауларды əр тұсынан аңдыздаған.
– Ұста! – деп тап қасынан тақылдады.
Тарланды бір шаптырмай қапы қалды.
Бұзау тіс он екі өрме сілтенбеді,
Ақауыз адыра қалғыр атылмады.
Дұшпанның мерейі артып тұр-ау қатты:
Тарланнан тұңғыш рет бір аунатты.
Мырзағұл «жəне қашып кетпесін» деп,
Сарының қол-аяғын бұғаулатты.
– Ей, мұндар, бітпеп пе еді көне кегің,
Қалмайсың қыр соңымнан неге менің?!
(Самырат жібермеді, əттегене-ай,
Салайын ат артына деген едім!)
– Ей, Сары, ісің бітті, сандалама!
Өзім би, өзім қожа бар далаға.
Айдатам ертең сені итжеккенге,
Бүгінше жем боласың қандалаға! –
Деді де кеңк-кеңк етіп күлді есіре,
Қатындай қыр көрсеткен күндесіне.
Сонан соң қайран ерді жаяу айдап,
Жөнелтті Жармоланың түрмесіне...
Жүрегі жабықса да жаншылмаған
Ақ еді жұмыртқадай аршып алған.
«Елім!» – деп емірене келіп еді,
Болмады, бүр жармады баршын арман.
Қоштасқанда
Ырғыздан бір өткенде үш-төрт өттік,
Міндік те Тарлан атқа, бөжеңдеттік,
Қанды көз қасқа Қосан, бол риза,
Ақыры, міне, мұндай күйге жеттік.
Сары
Сыпсыңдап суылдаса суық хабар
Əзелгі əдетімен суыт тарар,
Мұздатып, дірілдетіп, күңірентіп
Жүректің түпкіріне кіріп барар.
Тап солай деген сөздер «Сары ұсталды!»
Қосанды абдыратты алыстағы.
Бұрынғы қамалғаны қорқытпаса,
Бұл жолы жанды əлде не жаныштады.
Тыныштық таппай қойды елегізіп,
Болмады бас сырқырап, дене қызып,
Жегідей жеді бір ой: «Ол қатерде,
Сен еркін жүргеніңді деме қызық!»
«Сарының басым құрбан тілеуіне,
Жарасам жетеді аз күн сүйеуіне»...
«Төркіндеп қайтамын, деп елге барып»,
Сөз салды сонда Қосан күйеуіне.
Байының білері не малдан басқа,
Жайы жоқ көнбеске де алданбасқа.
Қосандай келіншегі қиылғасын,
Ол байғұс мақтанбас па, малданбас па!
Амалсыз көнеді ол да, өңгесі де,
Қоя ма Қосан сірə көнбесіне.
«Кім кепіл, Көкжидеге жетіп алсам,
Сарыны көруіме, көрмесіме?»
Осы оймен жетті Қосан өз еліне,
Күрсініп, күйік толып өзегіне.
Сидақ бай салтанатты той жасады
Кеюді көрмей өскен көжегіне.
Тойдан да шемен күйік басылмады,
Мезгілсіз солған шырай ашылмады.
Көре алмай көп ішінен Сал Сарысын,
Көзіне жасын алып, жасып алды.
Баяғы достар да жоқ сыр алысқан,
Олар да келіншек боп жүр алыста.
Серінің серіктерін іздер еді,
Жіңішке əйел жолы, қолы қысқа.
Тойдан соң туыстарға төркіндеді,
«Қанша уақыт болсам-дағы еркім», – деді.
Қай жерде Сары жайлы сөз айтылса,
Сол жерге жетіп барды, іркілмеді.
Осылай күндер өтті күрсінменен,
Жас жүрек дауа таппай дүрсілдеген.
Алланың əмірі ме, кім біледі,
Ғашықтар кіл жабығып жүрсін деген.
Себебін қайғысының ел біледі,
Білгенін кəйтсін Қосан, сергімеді,
Бір жүрген, бірге тұрған жерге ынтығып,
Кей кеште көлге келіп телміреді.
Жолығып алғаш осы көл басында,
Балқып ед бейне май ма, қорғасын ба.
Сарысы Бесқалаға беттеріңде,
Қоштасты, міне, мынау тал қасында.
Сол бір түн бүгінгідей бар жадында
Тұрған-ды құшақтасып Сал жанында.
«Ұстаңдар, байлаңдар!» – деп бажылдайды
Бес адам, бір қараса, жан-жағында.
Сарыжан саспап еді сірə бұған,
Айналдым сонда берік шыдамынан.
«Бастарын кесейін!» – деп жақындады,
Суырып көкбұйраны қынабынан.
Əлгілер бата алмады, кетті қашып,
Серінің қасына тез жеттім асық,
Сонан соң бердім қолғап ұмытпасқа,
Аттанды ол, жылай бердім бетті басып...
Қайтейін, ойға оралып өткен күн де,
Қобалжу кіргізеді тек көңілге.
Япырай, хабар салып алдыратын
Өзіммен сырлас, мұндас жоқ теңімде.
Кеудеңді қайғыға ерте ашпа, Қосан,
Басылып, езіле тым саспа, Қосан.
Намысқа белді бекем бумаймысың,
Еске алшы, емес ең ғой жаста босаң...
Жас ару кейде өзіне қуат беріп,
Шерінің шұбар бұлтын қуад келіп.
Сонда да жаны құрғыр жай таппайды,
Көңілде шаттық атты шуақ кеміп...
Бір күні қырға жаңа хабар келді,
Жақсы емес, құрып қалғыр жаман келді.
«Сібірге айдалады Сары» деген
Тікен сөз түршіктірді тамам елді.
– Айырмай патша заңы ақ-қараны,
Жөн бе екен, Мырзағұлды жақтағаны?
– Сарымен қош айтысып қайтайық! – деп,
Жиылып үш мың кісі аттанады.
Қосан да білді өзінен жалынды ерді,
Мəңгіге айырғанын тағдыр енді.
Жалма-жан Жармолаға жүріп кетті,
Алдырып аты шулы Салкүреңді.
Салкүрең жүйрік еді жалы мықты,
Сан тойдың бас бəйгісін шауып ұтты.
Жеткізіп дер кезінде Жармолаға,
Арудың тілегінен табылыпты.
Балтаның жалманындай қайран батыр,
Тіркеліп көк арбаға бара жатыр.
Қасына жолатпайды қарауылшы, –
Көз салып, əріректен қара да аһ ұр!
Сырқырап қол-аяғы шынжырлаған
Қинайды аттағанда əр жырадан
Көргенде Сары түрін, жаны күйіп,
Жүрегі дүйім елдің қанжылаған.
– Қайран ер, қош аман бол, қош бол, сері,
Қайда да демей берсін дос қол сені!
Мың қарғыс Мырзағұлға, о нағылет, –
Қадалсын көкірегіне өз семсері! –
Соңынан ұбап-шұбап ел үрейлі,
Егіліп, есіл ер деп еңірейді.
Ентелей таяп Қосан көк арбаға,
«Сарыжан, көре алдың ба мені?» – дейді.
Көтеріп төмен салған Сары басын,
Сарғайған жүдеу жүзі жадырасын.
Шаршаған, шүңірейген нұрсыз көздер,
Бір сəтте жайнап кетсе, нағыласың!
Қарады күлімсіреп Қосанына,
Дірілдеп тұрды еріні, босады ма?
Зарлатып əнге басты сəлден кейін
Қарамай Мырзағұлдың жасағына:
– Ғашық боп, шын жүректен сүйген едік,
Демесек неке қиып, үйленбедік.
Қанды көз қайран Қосан, бол риза,
Ақыры, міне, мұндай күйге келдік.
Жастықтың жалынымен дүрілдеттік,
Керілген кең даланы күңіренттік.
Көрем бе, көрмеймін бе, қайран едім,
Қош енді, алыс сапар, Сібір кетті!..
Жырлады Сары солай елім-ай деп,
Жылады шұбаған жұрт ерім-ай деп,
Солығын баса алмай бір сорлы Қосан,
Аһ ұрып, ағыл-тегіл, егілді-ай кеп.
Қарауыл қуды кейін халайықты,
Секілді қоштасқанға бəрі айыпты.
Сескенте мылтық атып, солдаттарға
Офицер елден ерді шақ айыртты.
Көнбеген кей қазаққа «сабақ қылды» –
Көйлегін түргізді де сабаттырды.
Амалсыз кідірген ел Сарысы ұзап
Кеткенше көз ұшынан қарап тұрды.
Келмеске кетті жігіт, жары қалды,
Кеудеге шығар-шықпас жаны қалды.
Шыдамай, Салкүреңді салып ұрып,
Сарыны бір көруге тағы барды.
Сары да баса берді жырға тағы,
Жырында үлкен тілек тұрды ынталы:
– Жарығым, жаным Қосан, қош аман бол,
Сөнбесін бақытыңның нұрлы таңы! –
Қоштасып, қаны қашып Қосан қалды,
Ұзаған Сары əніне қосады əнді.
Не шара, жалғыз өзі қалды арқалап
Қос өмір шырағындай қос арманды.
Жолда
Көрмедім қатты адамды қу солдаттай,
Түсірді басқа қатты мұсалдатты-ай
Кеші жоқ, ертесі жоқ маза бермей,
Қуады сылдырлатып кісенді аттай.
Сары
Күн ыссы, күйдіреді аңызағы,
Арқадан ащы терді ағызады.
Бұрқылдап, бет-ауызды айғыздап-ақ,
Шөлейттің келтіреді шаңы ызаны.
Ұқсайды қайнап, қызып құм тасқанға,
От үрлеп сонадайдан тұр тастар да.
Шіркін бір құйып өтсе-ау қара жаңбыр,
Жоқ бірақ шөкімдей де бұлт аспанда.
Шиқылдап көк арбаның доңғалағы,
Сұрланып артта талай жон қалады.
Жыландай иретіле жорғалаған
Созылып Сібір жаққа жол барады.
Келеді Сары жаяу ілби басып,
Ақырын бір қырдан соң бір қырды асып
Солдаттар шылым шегіп арбадағы,
Сұқтана қарайды оған сыбырласып.
Келеді, көңілінде ащы қайғы,
Адымын темір кісен аштырмайды.
Тіктірген бір тай беріп сəнді етіктің
Өкшесі қажап жəне бастырмайды.
Ызыңдап шыбын-шіркей мазалаған,
Оны да жасқай алмай азаланған.
Əлі де шынжырлаулы қол-аяғы,
Айдалсын осылай деп жазаланған.
Жауына тіс жарып түк үндемейді, –
Айқайлап боқта мейлі, тілде мейлі;
Шыдайды тілімденген ернін тістеп,
Жүреді күн демейді, түн демейді.
Арбаға отырғыз деп жалынбайды,
Су сұрап шөлдегенде, табынбайды.
Қарауыл өзі үшін тек қонғанында,
Қайратын қайта жиып дамылдайды.
Осылай Орынборға жеткен еді,
Осылай итжеккенге беттеді енді.
Баяғы «кінəлары айғақталып»,
Каторга «дəмін» əлден жеп келеді.
Бар оның көңілінің суынғаны, –
Артынан ешкім істі қуынбады.
Жасырмай жабыққанда сырын айтқан
Əні мен əр ауылда жыры қалды.
«Күз болса, құс қайтады жайлауына,
Дұшпанның біздер түстік байлауына»...
Қайран ер қалжырады, сырқаттанды,
Қиналып жаудың жайсыз айдауына.
Еріксіз көкейіне əн келеді,
Сол ғана ауық-ауық əл береді.
Халі жоқ қашу түгіл, жүруге де,
Бір мезет мызғығанды жал көреді.
Сəл егер аялдаса жолда тұрып,
Жалма-жан жүргізеді солдат ұрып.
Ақыры серің əбден əлсіреді,
Сан айғы: азып, аштық, шөл қатырып.
Құлады Сары бір күн жол үстінде,
Жақындап қалғанында Орскіге.
Қарауыл қанша ұрса да тұра алмады,
Жатты үнсіз жазмышымен көрісті де.
Бар-ды тек есі кіріп-шығасылы,
Тұмантып кетті көзі – шын асылы.
Алыстан еміс-еміс елес берді
Өксіген өмірінің шың-асуы.
...Кім анау, Қосаны ма, құмары ма?
Жас төккен жете алмай бір мұрадына?
Іздей ме, Тарлан неге кісінейді,
Қарамай көлдің жасыл құрағына?
Кеңкілдеп күліп тұрған Мырзағұл ма?
Шолан ба, ыржыңдаған кім жанында?
Жер тырнап, тісін қайрап талпынады ер,
Шарпылып тұла бойы бір жалынға.
Мең-зең боп басы тағы шыр айналды,
Көп елес араласып бір айналды.
«Қайтеміз, саламыз ба арбаға?» – деп,
Солдаттар офицерден сұрай қалды.
– Ойлаңдар, осы киргиз кімге керек?
Кім мұны Орынборда жүрген елеп?
Кəне тез шаруасын тындырайық,
Айтармыз жоғарыға бірдеңе деп.
«Қашқанда атылды» деп салып акты,
Табанда əлгі жауыз Сарыны атты.
Жас ғұмыр қыршынынан қиылды да
Мəңгілік мекенінде дамыл тапты.
Автордан
Сал Сары, əнші Сары, батыр Сары,
Жерінде Жағалбайлы жатыр Сары.
Ақ жуып, арулады азаматтар,
Тартыстан тынышталды ақыр Сары.
Өмірден өкінішпен өтті Сары,
Қасынан кек ала алмай кетті Сары.
Шын сүйген Қосанына қосылмады,
Жетпеді арманына дертті Сары.
Сол біздің жанымызға шым батады,
Сол бізді толғантады, жырлатады.
Ел бірақ ұмытпайды ерен ұлын
Жайылған ұлан-ғайыр қырға атағы.
Артында аңыраған əні қалды,
Деген сөз «əні қалды» – «Сары қалды».
Мəңгіге есте сақтап ер есімін,
Ұрпақтан ұрпақ əнін қағып алды:
«Баласы мен Батақтың Сары серің,
Бел байлап тəуекелге буған белін...
«Көз жұмбай, дария кешпес» деген сөз бар,
Қош-сау бол көргенімше, туған елім!»
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі