Жүріп, тұрғын әдеппен
Бұл бетте «Жүріп, тұрғын әдеппен» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жүріп, тұрғын әдеппен,
Жирен жаман әдеттен!
Кітап оқы, ерінбе,
Оқушы бол «бесі» көп.
Көп алдында керілме,
Мазаны алма есінеп.
Төмен қарап түңілме,
Ас ішкенде кекірме.
Үйге қарай жүгірме,
Желге қарсы түкірме.
Жақсыларға ұқсасаң,
Ел құлағы елеңдер.
Кесіп өтпе кісі алдын,
Үлкен көрсең, сәлем бер!
Елің үшін аянба,
Жастай сақта арыңды.
Иегіңді таянба,
Салма артыңа қолыңды.
Жерошақтан аттама,
Қатты жаппа есікті.
Босағада отырма,
Тербетпе бос бесікті.
Жалған айтпа досқа да,
Кір-қоқысқа жолама.
Таңғы асыңды тастама,
Пышақ жүзін жалама.
Аш досыңа қабақты,
Еңкейіп кір қосқа да.
Жерге төкпе тамақты,
Нанды жерге тастама!
Жағаласпа қонақпен,
Әр сөзіңді бос айтпа.
Күлді баспа аяқпен,
Қабірге қол шошайтпа!
Жұртқа қару кеземе,
Тұрып алып тасада,
Қоқыс төкпе өзенге,
Қиындықта босама.
Ие болсаң тіліңе,
Көп сөйлеме көпіріп,
Өткен іске өкінбе,
Куә болма өтірік.
Жаман тілек тілеме,
Тежеп ұста еркіңді.
Үйді айналып жүгірме,
Теріс киме бөркіңді.
Жолын кеспе жақсының,
Надандарға жол берме.
Сырын білсең, тап шыным,
Арамдарға қол берме!
Кеш батқанда қалғыма,
Көрсете алсаң төзім сәл,
Түспе үнемі алдына,
Арт жаққа да көзің сал.
Әдет қой деп ежелгі,
Тырнағыңды тістеме.
Құшақтама тізеңді,
Кесір қылық істеме!
Жағаңды кір шалмасын,
Таза болсын балағың,
Елден ұят болмасын,
Тісіңді жу, қарағым!
Көйлек жеңін былғама,
Сүртемін деп мұрынды.
Орамалды қалтаға
Салып жүрсең – орынды.
Жалбыратпа шашыңды,
Қойма қолды желкеге,
Түзу ұста басыңды,
Төмен қарап еңкейме.
Жақсы болсын жолдасың,
Жалқауларға жолама.
Үске қылшық қонбасын,
Көп қаңғыма далада.
Білмес іске ұрынба,
Теріс жолға бұрылма,
Күн шыққанда ұйықтама,
Түн болғанда қыдырма.
Теледидар, компьютер
Серігің боп қалды ма?
Бала болсаң жан күтер,
Көп отырма алдында.
Қазақта көп шын дарын,
Көкейіңде сақтағын,
Ән мен күйін тыңдағын,
Абай жырын жаттағын.
Назарың сал биге де,
Өнерліні күндеме.
Өз тіліңде сөйле де,
Үйрен өзге тілді де.
Жұқпау үшін кір бетке,
Жуынуды дағды қыл,
Ата-анаңды құрметте,
Берген саған бал-ғұмыр.
Сыйлап үлкен ағаны,
Ініге бол ізетті.
Нұрландырып сананы,
Ұста таза жүректі.
Қасиетін шын ұққан,
Жүріп, тұрғын әдеппен,
Жирен жаман қылықтан,
Үйрен жақсы әдеттен!
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі