Бақыт құсы

Бұл бетте «Бақыт құсы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған бақыт туралы өлең берілген.

Жүрген кезім күліп-ойнап саятта,
Бақыт құсы келіп қонды аяққа.
Жер басқанда тайраң қағып, талтаңдап,
Білмей қойдым жүрерімді қай жаққа?
Аддап-сулап шақырып ем жем беріп,
Айдалада шошытты оны ел көріп.
Аяғымды аңдап басар болдым мен,
Бұған дейін жүрген болсам сенделіп.
Қанат қағып, көтерілді ол тіземе,
Екі тізем бұл бақытты сезе ме?
Тізе бүгу қиын болды шынында,
Тойып алған адамдайын көжеге.
«Ұшуыңнан,– деп тіледім,–жаңылма!»
Бірте-бірте көтерілді ол қарынға.
Шала байып қалдым жомарт бақ құсы
Қонғаннан соң мен секілді жарлыға.
Одан кейін көтерілді ол кеудеге,
Шікірейіп, шіренбеймін мен неге.
Жүргендер көп көкірекке нан пісіп,
Тағдыр олжа әкелмей ме пендеге?!
Бақыт құсы мәңгі сақтар ел есте,
Салмағы аз бармақтай құс емес пе?!
Ауыр болса, көтере алмас иық-бел,
Кеуде керіп сен де ендеше егеспе!
Ең соңында қонды ол келіп басыма,
Сабыр,сабыр! Қанағат қыл! Тасыма!
Жасы үлкендер «Бақ қонсын!» – деп айтатын,
Баянды бақ дегені, әлде, осы ма?!
Өмір сені алар жиі сілкіп те,
Жол таба алмай малтығарсың күртікте.
Қолда тұрған қазынадан айырылма,
Басқа қонған бақыт құсын үркітпе!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері