Өмір заңы

Бұл бетте «Өмір заңы» атты Ғали Орманов жазған өмір туралы өлең берілген.

Қартайдым деп кейде сен,
Қайдағыны еске алып,
Қабақ шыта сөйлесең,
Жалтаңдаймын жасқанып...
Қалтырауық сондай бір
Қанға сіңген бар əдет;
Қажаған сөз қазымыр
Еткен бе əбден зəрезеп!
Мен сарп етсем жақсыңды,
Шағым болмай аяған, –
Сонда өзімнің шашымды,
Ойлашы, кім бояған?
Желге ұшырсам желікпен
Бар келбетті сендегі, –
Қолдан келсе, неліктен
Қорғамадың сен мені?
Тіс сиреді біріндеп,
Екі ұртымды суалтып;
Көзімнің де нұры жоқ,
Көп қараудан ұялтып...
Тоза берер көрінем,
Төзе тұрмай ертеңге!
Заңы, сірə, өмірдің
Бірдей шығар екеуге!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері