Өлең, жыр, ақындар

Өлтірмек болды

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2139
Таң атты ала сәулелі,
Бұлттардың бояп ақ жүзін.
Өлтірмек болды жау мені -
Бір атаның жалғызын.
Өлтірмек болды ұлымды
Дүниеге әлі келмеген.
Өлтірмек болды жырымды
Линотипистер термеген.
Аңсайтын адал жүрекпен
Күнде атап менің атымды,
Өлтірмек болды бір оқпен
Ағайын-туған, жақынды.
Өлтірмек болды арманды,
Өзенді жасыл жиекті.
Өлтірмек болды соларды
Сүйетін мына жүректі.
Өлтірмек болып арманды,
Жау атты көздеп сығалап.
Ормандар мені қорғады,
Көлденең оққа тұра қап.
Тілегі жаудың болған жоқ
Тосқан бір талай тораптан.
Болашақ күндер қорған боп,
Сақтады мені сол оқтан.
Қаққан да шығар шүйілген
Оқтарды менің төбемнен -
Тумаған сол кез ұлым мен
Қазіргі сәби немерем.
***
Босады ауыр қамытынан
Тачанкада шапқан аттар.
Ұңғысына дәрі тұнған
Төрге ілінді автоматтар.
Соғыс енді шарламайды
Жолсызбенен түнде жортып.
Зеңбіректер сарнамайды;
Кірмейді аңдар інге қорқып.
Ұйытқымайды жел борасын,
Жанбайды отқа гүл сабағы.
Жасырғандай жер жарасын
Волховтың көк шыршалары.
Соғыс ізін табасың тек
Тас жамылған төбелерден.
Соғыс ізін табасың тек
Жарақатты денелерден.
***
Волховта жатыр ми болып,
Баяғы батпақ сіресіп.
Төсіне бірақ үй қонып,
Тербелген қызыл гүл өсіп.
Соғыстан қалған селдіреп.
Әр жерде жалғыз қададай,
Шашағы тудай желбіреп
Өсіпті ну боп қарағай.
Не жетсін бейбіт өмірге
Сақтаған адам тірлігін.
Баяғы майдан шебінде
Балалар ойнап жүр бүгін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Танк

  • 0
  • 0

Соғыста сонау бұрқанып,
Селдеткен оқтың нөсерін.
Минскіде тұр танк
Ортасында көшенің.

Толық

Құрылысшы қыз

  • 0
  • 0

Арманшыл асқақ талабы
Биіктен бақыт іздеген.
Шарлаған құстай ауаны
Аспаннан ақ бұлт — қыз көрем.

Толық

Жаңғақ ағашы

  • 0
  • 0

Қариядай кәрі ағаш,
Келе жатқан қашаннан.
Бірақ жаны әлі жас,
Жылда көктеп жасарған.

Толық

Қарап көріңіз