Румын қызы

Бұл бетте «Румын қызы» атты Ғали Орманов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Арлус Советінің бас секретары, əдебиет досы Евген Роданға арнаймын. (Арлус – Румын-Совет достығы Одағы)

Саусағы қылда бұлдырап
Румын қызы тартты күй.
Төгіліп əсем мұз бұлақ
Толқыған сайын кетті ылғи.
Құбылған күйдің сыры көп,
Сөйлемес саған біркелкі;
Қосыла қолмен дірілдеп,
Кетеді сүйкеп жүректі.
Қайырып кенет шашын қыз,
Қарайды бір сəт қозғалмай;
Қанатын қомдап лашын құс,
Қарсыңа келіп қонғандай.
Шүйіле біткен келбеті,
Шынында сұлу құспен тең.
Шақырып қызық жер беті,
Шарықтап қайдан ұшты екен:
Көрінген көңіл көгінен
Алыс бір əлде түс пе екен?
Тамылжи күйі төгілген
Жаныңды тербер күш пе екен?
Табасың рақат тағы да,
Тербетіп кенет кетсе қыз.
Толқиды түгел алдыңда
Көк орай тау мен көл, теңіз...
Қиялына ұқсап ақынның
Шалқиды алыс сол бір қыз.
Бақытына кейде халқының
Тумай ма сондай бір жұлдыз!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері