Гүлдер
Бұл бетте «Гүлдер» атты Ғали Орманов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Көрінер сонша гүл əсем
Көрікті бояу, иісімен.
Өзім де соған, куə сен,
Қызығып талай сүйсінгем.
Бояуын бозаң топырақтың
Бойына тұтас сіңірген:
Бусанып, бүкіл атыраптың
Жұпарын қоса сімірген.
Тынысқа соны əкелсең,
Сезесің жердің иісін...
Қолына қыздың əпер сен,
Оның да көңілі сүйінсін.
Теңесең солай гүлге оны,
Қуаныш тауып бейқисап,
Құлпырып сонша қыз өңі,
Көрінер өзі гүлге ұқсап.
Қалпынан сол бір табылар
Қарасаң анық мəн беріп:
Күндегі өшпес жалындар,
Жердегі сəулет, бар көрік.
Қаншама соны жырласақ,
Тартады жылы сол ғұрлым.
Келеді гүлдер мың жасап
Көркіндей мəңгі өмірдің.
Жүрекпен танып егерде,
Сүйе алсаң гүлді сол үшін.
Сезесің дəйім кеудеңде
Талпынып тұрған жер күшін.
Жаныңның күйін шерткендей,
Жас інім, соны жырлай біл.
Тамаша жазың өткенде
Табылмас əсте мұндай гүл.
Гүліңе құрбың тым ұқсас
Құлпырып өскен бақшаңда.
Таусылмас жүрек, жылы жаз
Толғанып қанша жазсаң да.
Қалпынан соның табылар
Қарасаң терең мəн беріп:
Күндегі өшпес жалындар,
Жердегі сəулет, бар көрік!
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі