Əнші тау
Бұл бетте «Əнші тау» атты Ғали Орманов жазған табиғат туралы өлең берілген.
Əдейі бардым мен оған
Əніне құлақ салғалы.
Сарыла жым-жырт қараған
Биіктер екен жан-жағы.
Қойнына қымтап қос Қалқан
Бағыпты жанға көрсетпей.
Секілді солай шет қалған,
Маңайын ешкім баса өтпей.
Қылыштың жалы қырындай
Қарадым қызғылт жотаға.
Иректеп сызған бірыңғай
Ұқсайды қызық нотаға.
Таңғы жел тауды желпиді,
Пернесін кенет басқандай;
Сыбызғы, сырнай не түрлі
Сызылтып үнін қосқандай.
Қилы бір күйлер қозғайды,
Секундте неше өзгертіп.
Кейбірі үзбей боздайды
Кейбірі сыңси əндетіп.
Маңына соның барса адам,
Оралмас сірə тыңдамай...
Қиянда сырлар сақтаған
Жеріміз не еткен жырға бай!
Тербетіп тынық ауаны,
Төгіле түзде естілген,
Ғажайып сол бір тау əні
Кетпейді əсте есімнен!
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі