Той үстінде

Бұл бетте «Той үстінде» атты Ғали Орманов жазған мерекеге арналған өлең берілген.

Алпысқа келген ақынды
Сыйлады ауылым той жасап.
Əсем бір əндер шалқыды
Талайды қайта ойға сап.
Əдемі қыздар жібектей
Толғады соны ырғалтып.
Өнерпаз биші жігіттер
Алдымда құсша жүр қалқып.
Төгілген түрлі күй мен əн
Тербеді тынбай Қоңырды.
Осынау мінез сыйлаған
Қозғайды мені соғұрлы.
Жарым да балқып осыған,
Жалғасты ма екен ойымыз?
Екеуміз алғаш қосылған
Осы ма, сірə, тойымыз?
Есінде тұтып соны елім,
Келе ме дей-дей мен қайтып,
Кешіккен соның өлеңін
Жатыр ма, бəлкім, енді айтып?
Əлпештеп əлі баладай,
Сыйласа жұртым жырымды,
Барымды мен де аямай,
Қиярмын түгел жылымды!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері