Аспа жол

Бұл бетте «Аспа жол» атты Ғали Орманов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Зымырап өрге тұйғындай
Заулайды вагон-қауғамыз.
Қапырық, шаңға ұрынбай,
Келеміз шырқап тауға біз.
Вагонда: бала, кемпір, шал,
Өрімдей өңкей қыз, жігіт.
Биікке сонау жан құштар
Барады бастап ізгі үміт.
Иығын төсеп бағандар
Толғайды темір арқанды;
Өнері жетік адамдар
Өренді өрге тартады.
Қабақ та шытпай, қиналмай
Жетеміз қиыр, төбеге.
Лебізі таудың сыйғандай
Сімірсек түгел кеудеге.
Алдыңда жатыр Алматы
Оранып қалың бау-баққа.
Қарайтын сірə бар қалпы
Жалтаңдап салқын тау жаққа.
Қызығы жердің секілді
Қияға тартқан аспа жол.
Сабақтар жалғап не түрлі
Апарар əлі асқарға ол!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері