Біздің елге түсіп жолы

Бұл бетте «Біздің елге түсіп жолы» атты Ғали Орманов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Біздің елге түсіп жолы,
Білем, Ленин бір келмеген.
Бірақ артық білген оны
Күнде көріп жүргендерден.
Тұрған қарап Ұлы Ленин
Біздің байтақ кең өлкеге.
Серпілтпеген бұрын елін
Ұқсас түгел көлеңкеге.
Орал, Омбы ортасында
Ұлан-қиыр жатыр аймақ.
Ұласа бір көп ғасырға
Қинапты сор қатты жайлап.
Оңтүстігі, көз жіберсең,
Секілді ол да дəл осы тұс:
Мекен теуіп жатыр өңшең
Қашанғы бір тағы тұрмыс.
Жері қиыр, елі шашқын,
Тірлік еткен түзде көшіп.
Пана қылып аспан астын,
Күйі қиын жүрген жосып.
Өзге жұртша өсіп-өнбей,
Ештеңеден қылмай үміт,
Ен далада ешкім көрмей
Ел сықылды қалған ұмыт.
Тұрған көріп Ұлы Ленин
Түгел болжап осы өлкені.
Тұрған көріп нұрлы жолын
Тез теңелтер ертең соны.
* * *
Төңкерістің кемеңгері,
Октябрьде ұран тастап,
Тік көтеріп түгел елді
Тартқан ылғи алға бастап.
Талқан қылып патшалықты,
Таймай кіріп жалын-отқа,
Өзі бастап бар халықты,
Алып шыққан бостандыққа.
Өзіңе өзің таң қаласың
Ой жіберіп кейде осыған.
Тек осыдан аңғарасың
Келгеніңді қай ғасырдан.
Бар қаруың бақан, сырық,
Бар қамсауың кереге, уық,
Соны достар айтсам сыр ғып,
Қай дəуірге тұрдық жуық?
Шығарған тек сол тұйықтан
Қазақ халқын Ленин дана.
Қазасына, қайғы жұтқан,
Өзін тосып тұрды дала.
Барын жұрттан аямаған
Төкті жасын халық оған.
Сол сықылды өлер ме адам
Барша жұртты жарылқаған?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері