Өз тұсында мыңды айдаған

Бұл бетте «Өз тұсында мыңды айдаған» атты Ғали Орманов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өз тұсында мыңды айдаған
Мейлің тіпті бəрің байсың,
Аш, жалаңаш сор қайнаған
Жарлыға азық бердің қайсың?
Дірдек қағып жалаң аяқ,
Өле жаздап жүрген аштан.
Аулыңдағы жетімді аяп
Қарайластың қайсың, қашан?
Есіркесең, бір тойғызып,
Мал бағуға алдың жалдап.
Өз сөзіңді өзің бұзып,
Жетім хақын жедің алдап!
Бота көзі мөлдіреген
Сатпады кім жан қимасын?
Алдарында еңіреген
Көрдің қайсың қыздың жасын?
Жүргеніңмен балажансып,
Саттың қызды малға бірақ.
Жастайынан жанын жаншып,
Саудаладың шалға бұлдап.
Жаны ашыған сөзің күнде
Жасты шерге тек тоғытқан...
Қызың түгіл өзіңді де
Құтқарған кім сол қорлықтан?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері