Кавказ жолында

Бұл бетте «Кавказ жолында» атты Ғали Орманов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қиырға самғай тартты «Ту»
Қыранша биік шарықтап.
Көңілде күдік – жоқ толқу,
Қарайсың бəрін парықтап.
Лықыған қалың бұлт, тұман
Ығысып қалды төменде.
Секілді серік тек саған
Жарық күн жалғыз төбеңде.
Қанатын ылғи күн шалған
Қайрансың сол бір өнерге.
Жарындай жаның аңсаған
Байисың сонша өлеңге.
Самғайды ұшқыр тезірек,
Ашылып аймақ, алғы жақ.
Көгілдір көзі мөлдіреп
Каспий де қарап қалды ұзақ.
Шүйіле аққан ақ сұңқар
Шарықтап асты Кавказдан:
Жамыла тұрып мұз бен қар,
Қарайды бізге қарт жазған.
Алыстан даңқы шалынған
Еліңе Кавказ, келемін.
Құзыңа тұңғыш жаңғырған
Арналсын саған өлеңім.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері