Көрсетпегің көп білем
Бұл бетте «Көрсетпегің көп білем» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Көрсетпегің көп білем:
Тиып қанды жасымды –
Жер қапқан ит-тепкіден,
Көтерейін басымды?!
Қайғы құштым – қара нар
Қомдап салсаң бойламас.
Жан-жүрегім жарадар
Жазылам деп ойламас.
Шайқамай жаз қаймағын,
Жұт жайлаған күздейін –
Ақырымды ойладым,
Үмітімді үзбейін?!
Өле алмадым, өлмедім,
Оң-солыма қарайын –
Аласымды бермедің,
Бермесіңді алайын?!
Құдіретіңді сұраман,
Қарау құлдай құзанып –
Шықсын қоздап ұядан,
Батқан күнім қызарып...
Таупық тапсын тұл денем,
Сана өзгертіп танымын –
Марқұм ұлдың сүрмеген
Өмірін бер, Тәңірім!..
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі