Демін ішке тартып алған

Бұл бетте «Демін ішке тартып алған» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Демін ішке тартып алған
Қос Алып:
Жер – талақтай ісіп-кепкен,
Көк – тұнжыр...
Пенделіктің көгенінен босанып,
Өлі рухын,
Тірі хұқын еттім жыр.
Жыр еттім де –
Қасірет жайлап,
Қайғы алған –
Тауқыметті тірлігімнен безіндім:
Түнек-Түннің кұнсыз күңіне айналған –
Күн-Жарықтың
Күнәһары сезіндім.
Күнәм – ауыр...
Ұқтым!
...Өте кеш ұқтым:
Бастан бағым тайған сынды –
Не қайран?! –
Біртұтасқан
Табыт пенен Бесіктің
Ара-жігін айырарға –
Жоқ айлам!
...Қайран маған
Әлем алаң сыңайлы,
Заман – алаң,
Қоғам – алаң,
Адам да:
Шыққан есім іздейді ұмыт Құдайды,
Күллі Болмыс күлтеленіп Санамда!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері