Жыл он екі ай
Бұл бетте «Жыл он екі ай» атты Дәркен Танабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
ҚАҢТАР
Қарлы қырау қаңтарда,
Тығылмаймыз тар тамға.
Ақ көрпеге оранған,
Қорықпаймыз бораннан.
Мініп алып шанаға,
Сырғанаймыз далада.
Кілең батыр топтана,
Тұрғызамыз ақ қала.
АҚПАН.
Мұз қарыған ақпанда,
Аңдар ұйықтап жатқанда.
Жылы пештің түбінде,
Ертек айтам ініме.
Түнде жұлдыз қалтырар,
Тоңған сайын жарқырар.
Түтін сызып мұржадан,
Көкке қолын бұлғаған.
НАУРЫЗ
Келсе көктем кезегі,
Жердің жылыр өзегі.
Қар еріп су жарысқан,
Нәуірзек кеп алыстан.
Ағаш жарса бүр шешек,
Жайқалады бәйшешек.
Құстар келіп сайраған,
Наурыз тойын тойлаған.
СӘУІР
Бәрі ғажап сәуірде,
Сәуір келмей тәуір не...
Дала түгел гүлдеген,
Гүл теріңдер бізбенен.
Қызғалдақтар шоқтанар,
Мал өрістен от табар.
Біз келдік деп жар салар,
Сап түзеген тырналар.
МАМЫР
Жаңбыр жауар себелеп,
Гүлге қонар көбелек.
Қырда қызыл от жанар,
Жерге ырыс бақ қонар.
Мереке көп мамырда,
Сейіл құрып дамылда.
Тек беріліп қызыққа,
Сабағыңды ұмытпа.
МАУСЫМ
Маусым келсе көңілді,
Нұрға бөлер өңірді.
Атам қонар жайлауға,
Боз биені байлауға.
Көк теңіздей толқыған,
Шалғын жатыр шалқыған.
Жанға жайлы дем алыс,
Нағашымның елі алыс.
ШІЛДЕ
Бір сәт кірпік қақпаған,
Шілдені күн қақтаған.
Өрік, шие піседі,
Топ-топ жерге түседі.
Шомылуға барамыз,
Көлге қармақ саламыз.
Доптың түбін оямыз,
Балмұздаққа тоямыз.
ТАМЫЗ
Пісер қауын тамызда,
Жесең суын ағызба.
Сары алтындай бидайды,
Комбайынмен жинайды.
Дихан теріп күрішін,
Жазда жанар ырысың,
Қанша адам тер төккен,
Келер бәрі еңбекпен.
ҚЫРКҮЙЕК
Таза көйлек киініп,
Дәптер қалам түйініп.
Қыркүйектің таңында,
Мұғалімнің жанында.
Ұлы арман жолында,
Мақсатың өз қолыңда.
Мектеп деген дана бар,
Соған барар балалар.
ҚАЗАН
Сарғайыпты жапырақ,
Салқын желге қалтырап.
Күн шуағын жинаған,
Бақша ырысын сыйлаған.
Тырау қағып тырналар,
Қыстан беріп бір хабар.
Ал үлкендер уайым қып,
Қамдар қысқа дайындық.
ҚАРАША
Жаңбыр жауар жыланып,
Дала қалған бұланып.
Жапырақ жоқ тізілген,
Бәрі желге үзілген.
Солғын тартқан көшемен,
Жерге кілем төсеген.
Ойға батам оңаша,
Күздің соңы қараша.
ЖЕЛТОҚСАН
Қара суық қақтаған,
Жерді қармен ақтаған.
Ақ мамыққа оранып,
Жатыр әлем дем алып.
Дала мұз боп тұрса да,
Ойыншық ілем шыршаға.
Би билейміз ойнаймыз,
Жаңа жылды тойлаймыз.
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі