Көптен бері мен қуанып көрмедім

Бұл бетте «Көптен бері мен қуанып көрмедім» атты Дәркен Танабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көптен бері мен қуанып көрмедім,
Махаббат та, күлкі де жоқ көзімде.
Жастық оты жалт еткенде, ермегім –
Ерік берем сол алдамшы сезімге.

Талақ еткен тағдырымды жек көрем,
Ол да менің сан сындырды сағымды.
Салқын мұңмен күн әуресін өткерем,
Ғажап сәт те жадыратпас жанымды.

Бұл сөзіме сенсін мейлі, сенбесін,
Қара да тұр ғашық болса жас жаны.
Нәзік жүрек сатқындыққа төзбейді,
Алданған жан алдай алмас басқаны.

Тағдырымды өр дауылдар тербеуде,
Таусылар ма күте-күте тағатым.
Мұңға оранып тұрған кезде шер кеуде
Жүрек құрғыр таба лар ма бақытын?!

Күндерімді шуақ шашар көріксіз,
Бар ма дәру басар асау қанымды?!
Кімнің жаны сүйсе өзгені еріксіз,
Тек сол Мәжнүн ұғар менің жанымды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері