Келсеңші досым ауылға

Бұл бетте «Келсеңші досым ауылға» атты Дәркен Танабаев жазған достық туралы өлең берілген.

Күркіреп бұлттар өткенде,
Ақ жауын селдеп төккенде.
Көк майса дала жамылып,
Сағынып құстар жеткенде.
Қызғалдақ жайнар бөктерде,
Келсеңші досым көктемде.
Шаршатар шулы қаз қала,
Босаса қолың аз ғана.
Көктемі өтті деместен,
Келсеңші күліп наздана.
Шырайын бермес таулы аймақ,
Керемет бізде жазда да.
Тырналар қайтар ізбенен,
Қоштасар қимай күзбенен.
Жаны бір жақын досым-ай!
Өзімшіл досын іздеген.
Келер деп үміт үзбегем,
Сырласар уақыт күз деген.
Суытса үйде, тыста да,
Қызықсыз болар қыс қала.
Болар деп қалай қамықпа,
Көшеден көлік ұста да.
Келсеңші досым ауылға,
Рахат қой! ауыл қыста да.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері