Тас кепеде жетер бұғып жатқаным

Бұл бетте «Тас кепеде жетер бұғып жатқаным» атты Дәркен Танабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тас кепеде жетер бұғып жатқаным,
Көрмеген соң күннің маздап батқанын.
Қарбаласқан тар қаладан қысылып,
Сағындым мен тауларымның шатқалын.
Көзді жұмсам көрем жасыл бақтарын,
Қылау беріп таңның жаңа атқанын.
Қазығұрттың құшағына тығылып,
Ұйып қана ауыл қалғып жатқанын.
Кең өлкеме күннің сеуіп арайын,
Таңның алғаш шуағымен барайын.
Құба бел мен бұлақтарын сағындым,
Кеңіп салсын ішкі дүние сарайым!
Сәлем берем үлкендерге алдымен,
Кім біледі қанша оларда қалды дем.
Сәбилердің маңдайынан иіскеп,
Бой жазайын сермеп біраз шалғымен.
Әлі тұрмын мен қалада тұншығып,
Мен барғанша кетер ме екен күн шығып,
Автобуста асықпайды ауылға,
Адам толмай жүрер емес қырсығып.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері