Шалғай жүрсем ол анық сағынарым

Бұл бетте «Шалғай жүрсем ол анық сағынарым» атты Дәркен Танабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Шалғай жүрсем ол анық сағынарым,
Елегізіп еріксіз қамығарым.
Ата-анадай елжіреп еміренген,
«Туған жерім тәңірім табынарым.»
Арманымның ақ таңын атырамын,
Шақырады қол бұлғап атырабың.
Қурайыңда сызылтып самалыңа,
Сыбдырлайды сыр айтып жапырағың.
Өмір атты алдымда жатыр ағын,
Толқыныңда толқыдым қалтырадым.
Бір құласаң жартасқа соғам дейді,
«Тұрмастай қып тереңге батырамын.»
Көңіл құсын сезімге толтырамын,
Сырлас етіп Қазығұрт жал қырағын.
Гүлің болып гүлдедім белесің де,
Мен де сенің бір уыс топырағың.
Биік ұшып кетсем деп алқынамын,
Көкіректің көрсеңші шалқығанын.
Шартарапта шарқ ұрып адассам да,
Ораламын өзіңе бал қырағым.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері