Сынаптай сусып тұрар өмір деген

Бұл бетте «Сынаптай сусып тұрар өмір деген» атты Дәркен Танабаев жазған өмір туралы өлең берілген.

Сынаптай сусып тұрар өмір деген,
Сұрасаң періште де, пері де емен.
Тірліктің ащысын да, тәттісін де,
Таңдамай татып келем өмірден мен.
Адамды таба алмайсың алаңғасар,
Жылпостай жылмаңдаған жалаң ғасыр.
Бұйымын бұлдап тұрған бай секілді,
Тиынын қимайтұғын сараң ғасыр.
Өмірді көрген пенде бойлайды екен,
Тырмысып тіршілігін ойлайды екен.
Қызыққа қанған сайын қамбайды екен,
Тірлікке тойған сайын тоймайды екен.
Ал өмір зымырандай зымырайды,
Мықты болсаң тоқтатшы бұл райды.
Аңдаусыз тоқтап қалсаң бір орында,
Тірлігің шыңырауға құлдырайды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері