Немере

Бұл бетте «Немере» атты Әли Ысқабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Немерем — орманым,
Ол — менің қорғаным,
Шабытым өмірлік,
Таусылмас арманым.
Немерем тым ыстық,
Дем алам тыныс қып.
Ән-күйім ол менің.
Тілегім тыныштық.
* * *
Құшаққа енсе немерем,
Кеңейеді кенерем.
Әнге салам уатып,
Күлімдейді ол қуантып.

Оның туған күні той,
Уілдеген үні той.
Бізге ұсынған ең қымбат,
Анасының гүлі ғой.

Мақтан көрем күлгенін,
Қызықтаймыз жүргенін.
Қарсы аламыз есіктен,
Томпаң қағып кіргенін.

Жүзімдегі нұрым ол,
Күш-қуатым, пірім ол.
Қуанышым, бақытым,
Көңілдегі жырым ол.

Желп-желп етіп тұлымың,
Өсе берші, құлыным.
Күннен-күнге көбейген,
Қызықтырар қылығың.
* * *
Алдымнан шығып аталап,
Күнімдей күліп қарайды.
Құшаққа алсам, от орап,
Қуаныш бойға тарайды.

Сөзімді түгел құптайды,
Айтқанның бәрін біледі.
Қасымнан бір сәт шықпайды,
Қойныма еркін кіреді.

Ерікке кейде көнбейді,
Зекісем аузын ашпайды.
Бала ғой әлі кең пейлі,
Өкпелеп әсте қашпайды.

Кезі де бар-ау қинайтын,
Төрт бөліп түнгі ұйқыңды.
Болғанмен тентек қимайтын,
Қылығы көп-ақ сүйкімді.
* * *
Көп оралмай етекке,
Дәу әжеңді жетекте.
Еңбектеуді қой-дағы,
Күшіңді жи бойдағы.

Тұсауың да кесілді,
Қадамың кең көсілді.
Енді бекем адымда,
Көп асу бар алдыңда.

Қадамды нық басқаның,
Өмір жолын ашқаның,
Алған беттен таймағын,
Саған қорған аймағың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері