Түлкібастағы той

Бұл бетте «Түлкібастағы той» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған мерекеге арналған өлең берілген.

Шаң ілеспес
шалқұйрығың әлі тың,
шалқы,
шайыр,
ширықсын бір шабытың!
шоққа лақтыр
шабан тірлік қамытын,
шабылған жоқ әлі ағаш ат — табытың...
Жаяу жырау
жыр төгіп те жарытпас,
жортып жет те,
іл көкпарды!
алып қаш!
қаның ойнап,
қазақтығың оянсын,
асау желмен аймаласып, мауық бас!
Қаз мойынды ән ғой мынау — ат емес,
күй десең де,
би десең де қате емес,
жел жетпейтін жүйріктігін айтсаңшы,
найзағаймен,
нұрмен ғана тетелес!
Ойын-тойға,
қыз қууға қырат кең,
ойхой, досым,
ойқастап бір шық атпен,
құрттай қыздың
қылымсуын қарашы,
қылмыңдатпай ұрып жықшы тымақпен!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері