Қара Ертіс
Бұл бетте «Қара Ертіс» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қара Ертіс, саған қайранмын:
қайрылып артқа қарамай,
қақтығып келіп қарадай,
қаймығу білмес баладай,
қойып бір кеттің Зайсанға
қоңырқай тартқан қоладай.
Қойып бір кетіп жайландың,
қоғаға келіп байландың,
қобалжып барып ойландың,
қаһарың қашып, қайғы алдың,
Қара Ертіс, саған қайранмын!
Қарғын боп кейде тасасың,
қабақтан қарғып асасың,
қанаңа сыймай қашасың,
қан менен суды қосасың,
құтырып кеткен бақсыдай
құдайдың ұстап асасын!
Қара Ертіс, менің қақпамсың,
құтпан боп құйып жатқансың,
көз жасы боп та аққансың,
қайғы боп қыста қатқансың,
қамкөңіл, қамсау қазақты
қапысыз қалай тапқансың?
Қара Ертіс, маған ай-күнсің,
қарқара толқын айбынсың,
қазаққа қызыр айдынсың,
қай күні бізден айнырсың,
қай күні теріс ағар деп,
қан жұтқан менің қайғымсың?!.
Қара Ертіс — қара қайғымсың!..
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі