Аукциондағы қалам

Бұл бетте «Аукциондағы қалам» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір мырза сатып алды хан қаламын...
...Мен қазір жыр жазбаймын,
жан бағамын,
Музаны тоқалындай жұмсайтұғын
Мандытқыш кей ақынға таңқаламын.
Өліара —
заманы екен өлерменнің.
Қаздым да жүрегімді,
Өлең көмдім,
Жамырап болған болса жарымес қиял,
Қайырып қозы-лақтай көгендермін.
Сұрайды ел:
«Жазбайсың деп өлең неге?»
Жырлауға ит-тірлікті көнер деме.
Қонбай ұш қара жерге,
қайран муза,
Қанатың кірлеп қалар — төмендеме.
Шайырмын,
Дала — мұңым,
Отан — қайғым,
Шындықтың шөлейтіне сапарлаймын,
Ешқашан өлең жазбай кетсем дағы
Ешкімге қаламымды сата алмаймын.
Кешсем де күндерімді қапалықпен,
Өшсем де өз ойыма маталып мен,
Шалшыққа қона көрме,
аққу-муза,
Батпағын жырлай берсін бақа біткен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері