Бас пайда

Бұл бетте «Бас пайда» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ақыл кірді аздаған,
Ақындықты қойғам жоқ.
Қаңқылдайды қаз — заман:
— Қанатыңды байлан, — деп.
Ал, байландым!
Ал, ұштым!
Болмаған соң кеу-кеулеп.
Заманыммен жарыстым
Қанатымды жел кеулеп.
Атым шықты аздаған,
Ақындықты қойғам жоқ.
Тақылдайды таз — заман:
— Бас пайдаңды ойлан, — деп.
Ал, ойладым бас пайда, —
Аллалы құл арымас.
Көлік қайда, көш қайда?
Қарын тойса, көңіл — аш!
Жан-жағыма қарасам,
Жан сауғалар айла жоқ.
Жердің беті — ала шаң:
— Пайда! Пайда! Пайда! — деп.
Мен де ойласам бас пайда,
Сен де ойласаң бас пайда,
Ол да ойласа бас пайда,
Бәрі ойласа бас пайда...
Бақай есеп, бықсық ой
Бар әлемді баспай ма?!.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері