Есіл дәурен

Бұл бетте «Есіл дәурен» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Құр қалғандай несібеден,
Өкінемін несіне мен?
Өкінбей де, өрекпімей
Жатыр ағып Есіл-өзен.
Кездер түсіп есіме бір,
Қарай берем тесіле құр.
Өкіндіріп, өрекпітіп
Барады өтіп есіл өмір.
Тілегіміз қосылғанмен,
Жүрегіміз қоса ұрғанмен,
Баяғыдай күндер қайда?
Өтті-кетті есіл дәурен...
Өкпең болса өшіре жүр,
Кінәм болса кешіре біл.
Барады ағып Есіл-өзен,
Барады өтіп есіл өмір...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері