Хайуанаттар бағында

Бұл бетте «Хайуанаттар бағында» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Темір құрсау, тас қамал,
Табылмады басқа амал.
Қиқуласқан кезекпен –
Онда аң да, құс та бар.
Сәлемдесті Жанатпен –
Ең бірінші ақ марал.
Атап айтып аңдарды,
Жанат бірден аңғарды.
Ақ маралдың лағы –
Жанат берген нанды алды.
Тарам-тарам түктерін,
Шұқыласып үстерін.
Маймыл отыр ұятсыз –
Ауызға сап түскенін.
Имек тұмсық бүркітті,
Дей алмассың үркіттім.
Қаққанында қанатын –
Қақты Жанат кірпікті.
Теңселеді,
Билейді,
Аю саған тимейді.
Орынынан тұра сап,
Тездеп тамақ бер дейді.
Берген сайын сұраншақ,
Қабағын да түймейді.
Алғыс айтып қуанса –
Басын шұлғып изейді.
Аузына қой сыйғандай,
Бегемотқа сый қандай?
Таба нанды табақтай
Бір-ақ жұтты ойланбай.
Үйдей үнді пілі де,
Қызық өзі түрі де.
Ертектегі қара дәу,
Қарап тұрсаң түріне.
Шөп жеткізу қиын-ау
Тасып әкеп күніне.
Ақырғанда арыстан
Естіледі алыстан.
Аңдар қорқып бұғады
Мұндай күшті дауыстан.
Бара алмайсың қасына,
Күлімсіген иісі-ай.
Сопақ тастай басы да,
Сықпытына түрі сай.
Көсеу тісі сойдиып,
Қабандардың жүрісі-ай!
Батпаққа аунап қонжиып,
Сауыс-сауыс тұрысы-ай?!
Тіл біледі бірақ та,
Тақылдаған тоты құс.
Қасқырменен қыр қабақ,
Темір торды ырғалап.
Бір-біріне дүрдиіп,
Түлкі, қасқыр тұр қарап.
Жарығандай көршіге
Сүйір тұмсық түлкі де.
Ырылына қасқырдың –
Пысқырмайды түршіге.
Демесе де басқа ұрғың,
Елді бөлеп күлкіге.
«Үй хайуаны» десек те,
Жүр түйе мен есек те.
Суда жатыр су мысық –
Жатқандай бір төсекте.
Еркін дала, той болмай,
Шабуына қой болмай.
Қамығады қасқыр да,
Ұлып салып, күнде ойбай...
Темір еден астында –
Жалаң қағар қу борбай.
Елге әйгілі атағы,
Үстінде ала шапаны,
Мысыққа ұқсап керіліп,
Жолбарыс та жатады.
Қасында бар серігі –
Тістесіп тіл қатады.
Санап болмас құстарды,
Аңсайды олар ұшқанды.
Қауырсыны қиылып,
Ұшу жолы қысқарды...
Қарайды ел сүйініп,
Қандырмасын құштарды.
Сұлу, әсем бұлан да,
Ұзын мойын құлан да.
Тұғырында тік отыр,
Қырағы көз қыран да.
Қоян жұтып, тоқ жатыр
Жеті метр жылан да.
Төңкерген дәу қазандай,
Таңданасың көз алмай.
Бес жүз кило салмағы,
Болмаса да қабандай.
Денесі зор абайла,
Тасбақа да оңай ма?
Тарбаңдаған «тарзаның» –
Аударылмас оңайға?!
Аңнан қауіп тоспаған,
Торға салып тастаған.
Бәрін мұнда ұстаған,
Айла адамнан аспаған.
Хайуанаттар бағында
Айдын көл де бабында.
Көрем десең қызықтап,
Күнде болар баруға.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері