Қыс күні

Бұл бетте «Қыс күні» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.

Болса да аяз қыс күні,
Соқса да суық ысқырып,
Басылмайды қызуым —
Бұрқырап бойдың ыстығы.

Балдырған жүздер —
Балбырап,
Қуамыз ойын албырап.
Ойынға десе қуанып,
Бас қосамыз құп алып.

Шанамыз бейне —
«Арғымақ»
Биіктен де —
Қарғымақ.

Төбелерден сырғанап,
Біз тебеміз сырғанақ.
Тайдай асау тулаймыз,
Шаңғымен де зулаймыз.
Мұз айдында әркіммен
Жарысамыз конькимен.
Аунап,
Қунап
Ақ қарда,
Желтоқсанда,
Ақпанда,
Сайрандаймыз —
Жайнаймыз...
Ойынға да тоймаймыз.
Тұрса да аяз бет қарып,
Тамашаны қоймаймыз.

Келгенде қызыққа,
Кетеміз-ау қызып та!
Қаңтар мен құт тамаша ай,
Өтпесе қыс жуықта.
Қысқы ауаның тазасы-ай,
Шыңдаламыз суыққа!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері