Мысығым

Бұл бетте «Мысығым» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мысығымның ойыны
Ұзақ күнге
Қанбайды.
Болса екен-ау тойымы,
Секіруден талмайды.
Бұлғақтатып құйрығын,
Өзін-өзі алдайды.
Асыр салып жүйрігім,
Қасымнан бір қалмайды.
Еркелейді пырылдап,
Зекісең де саспайды.
Жіп жүгіртсең жыбырлап,
Оны ұстаудан қашпайды.
Өзі сондай сақ құлақ,
Сүтке тойса ұйықтайды.
Тықыр сезсе шапқылап,
Бір орнында жатпайды.
Қабаттасып далаға
Әжемменен шығады.
Көрсе болды қорадан,
Көртышқанды қуады.
Мысығыма қуанам —
Деп жатса ел, — қырағы.
Былғанса оны жуа алам —
Табаны мен тырнағын.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері