Ақ лақ

Бұл бетте «Ақ лақ» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Шұнаңдаған ақ лақ,
Салпаң құлақ, сақ құлақ.
Төбеден ол түсетін
Ә дегенше қарғып-ақ.

Мінезі өте ұшқалақ,
Сүзісуге құштар-ақ.
Болып алды тынымсыз,
Қылық жасап жұғымсыз.

Күшікті қуып терледі,
Қазға тыным бермеді.
Қарап жатқан бұзау да,
Болды бір сәт ермегі.

Болмашы ғана мүйізін,
Көрінгенге сермеді.
Анасымен күн ұзын
Жайылып бір көрмеді.
Алды жаман құтырып,
Шеніне ешкім келмеді.

Қаздың жемін сыпырып,
Тал қабығын кемірді.
Алас ұрған жұтынып,
Кім сүйеді жебірді.

Болды ақыры қызығы,
Момын санап қозыны.
Келе сүзді бас салып,
Кетті ерегіс басталып.

Ыңқ еткізіп лақты,
Қозы сүзіп құлатты!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері