Тырналар

Бұл бетте «Тырналар» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тырналар тізіліп,
Тырналар сызылып,
Назданып!
Қанатын қағады,
Өзімен барады жазды алып.

Үстерін тарады,
Жан-жағын қарады
Қомданып!
Тыя алмай сазды әнін,
Қия алмай жайлауын
Самғады!

Салса да наздарын,
Қаншама сазды әнін —
Ойдағы!
Кете алмай тез қиып,
Кете алмай көз қиып —
Ол дағы!
Төбеден айналып,
Қалғандай байланып,
Қоймады.

Үзілмей қатарың,
Оң болсын сапарың,
Тырналар!
Көктемде келерсің,
Тағы да берерсің —
Бір хабар!
Ұзақ жол барарың,
Қоштасып қаламын,
Тырналар!
Сазыңа саламын,
Есіме аламын
Толғана!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері