Асыл жан

Бұл бетте «Асыл жан» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Барлық бала анасын
Сондай жақсы көреді.
Еңбегінің бағасын
Анаға елім береді.

Асыл жан деп әлемде
Ардақтайды ананы.
Ақын қосып өлеңге,
Суретші оны салады.

Сегізінші март күні
Құттықтаймыз ананы.
Үйіміздің шаттығы
Анамызбен толады.

Шуағына жылынып,
Қуанамын шаттанып.
Десе болды «құлыным»,
Сала берем мақтанып.

Біз — ананың ұлымыз,
Бәйге атындай баптаған.
Біз — ананың қызымыз,
Бағып гүлдей сақтаған!

Құрметіне наурыздың
Тақпақ айтып беремін.
Шаттық толы әр күнін
Мақтап айтып беремін.

Айтқан тілін аламын,
Тиянақты оқимын.
Жұмсағанға барамын,
Бәрін ойға тоқимын.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері