Алғашқы қар
Бұл бетте «Алғашқы қар» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.
Сыртқа шықсам ертемен
Өз көзіме сенбедім.
Алғашқы қар өлкеме —
Бір-ақ білдім келгенін.
Аймақ тегіс ақ көрпе
Жамылыпты қымтанып.
Ерекше ғой қыс көркі,
Табиғатын біл танып.
Айнала аппақ мақтадай,
Мүлгіп жатқан тыныштық.
Қардан соққан аққала-ай,
Қар лақтырып, қуыстық.
Алғашқы қар басыпты
Ағаштардың бұтағын.
Сырғанауға асықтым,
Басын байқап қырқаның.
Ақ мамыққа оранған,
Қалың орман қарасам.
Қорқам енді бораннан
Әлек салар орасан.
Мені көріп Саққұлақ,
Келді жетіп еркелеп.
Үйді айнала шапқылап,
Қояр емес ентелеп.
Екі көзі ойнақшып,
Асыр салып тынбайды.
Әр нәрсеге ой қашып,
Көңіл шіркін зырлайды.
Ойда жоқта тірсектен,
Итім жатыр тістелеп.
Күлкім келіп,
Мырс етсем,
Бір нәрсесін істемек.
Алғашқы қар — не керек,
Жапалақтап жауып тұр.
Бейне ғажап керемет! —
Көңілім соған ауып тұр.
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Азамат Төре
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі