Кітап

Бұл бетте «Кітап» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кітап – ойың, қымбатың.
Кітап – бойың, сымбатың.
Кітап – ақыл, дария,
Кітап – нақыл, қария.
Кітап – білім бұлағы,
Кітап – тарих құлағы.
Кітап – ойдың кіндігі,
Қасиеттеп, біл мұны!
Жақсы ісіңе мақұлшың,
Кітап болар ақылшың.
Күтіп оны қадірле,
Салма жыртып "зәбірге".
Сол кітапта бәрі бар,
Үзбей оқып, нәрін ал!
Оң-солыңды танып ал,
Кәусарына қанып ал!
Кітап – елдің мұрасы,
Кітап – тарих куәсі.
Кітап – ойдың кіндігі,
Қасиеттеп, біл мұны!
Кітап – білім бұлағы,
Өміріңнің шырағы!
Көлдің жасыл құрағы,
Кітап – ғылым құлағы!
Кітап – ғасыр өлшемі,
Тәрбиелер ол сені.
Жалғап ұрпақ, жаңғыртып,
Кітап жасар мәңгілік!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері