Алақанның аясы

Бұл бетте «Алақанның аясы» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тармақ-тармақ
Он бармақ!
Исем болар –
Он қармақ.

Ең бірінші – бас бармақ,
Сөз де содан басталмақ.
Шылдыр шүмек,
Шынашақ
Бөбек деген атты алмақ.

Балан үйрек – жүйрігім,
Ортан терек – сүйрігім.
Бас-басына ат қойып,
Айдар таққан ел бұрын.

Ашса, бәрің жазылып,
Жуса, бәрің жұмылып,
Алақанның аясын
Паналайсың жиылып.

Құс қанатпен ұшпай ма?
Бірікпесең, күш қайда?
Жалғыз саусақ затыңды
Қолда мығым ұстай ма?

Он саусақ пен екі қол,
Екі білек – екі жол.
Ақ ниетті адамның
Барлығың да досы бол!

Домбырада күй безеп,
Көңіл ашқын бір кезек.
Шеттеріңнен өнерлі –
Елге таныл елгезек!

Он саусағым – ағайын,
Жұмыс іздеп табайын.
Кірпіш қалап, үй салып...
Төбесін де жабайын.

Жұмсам болар жұдырық,
Жүрме босқа қыдырып.
Бәрің де іске қимылда,
Бір адамдай жұмылып!

Жазсам – жазық шапалақ,
Кім шатақ деп атамақ?
Он саусағым – екі қол,
Болма бірақ сотанақ.

Жұмыс десе жерінбей,
Еңбекшіл бол ерінбей.
Қайда болсаң, көппен бол,
Оқшау, шеттен көрінбей.

Шөп сындырмай аттан сап,
Жүргендерден болсаң сақ.
Қол қусырып әйтеуір,
Атанба тек «ақ саусақ».


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері