Керік қаз

Бұл бетте «Керік қаз» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Керіледі –
Керік қаз.
Серігеді –
Болып мәз.
Көк құраққа
Жерік қаз,
Сол құрақты
Орып мәз.

Қанатымен –
Шалғынды,
Сермеп,
Тербеп –
Айдынды,
Көл айнаға түсіріп,
Қызықтайды
Ай!
Күнді!

Аппақ қардай,
Мұнтаз.
Жүзген талмай, –
Қаз таза.
Ақ айдынның еркесі,
Жуынады қаншама?!
Айна көлде сыланып,
Қанаттарын тарайды.
Қаңқылдайды бір ауық,
Атқанда таң арайлы.
Әсем үнін шығарып,
Санқылдаса ұнайды.
Мамық жүнін ұйысқан,
Тарамаса болмайды.
Қаздан үлгі ап, тынықсаң,
Таза болсаң – жарайды.
Қаздай күтсең, құп алып,
Сені ақылды санайды.

Қаз-қаз басқан
Бөпең де,
Қаздай бақсаң -
Сүйкімді.

Аппақ қардай,
Мұнтаза.
Жүзген талмай –
Қаз таза.
Айдын көлдің еркесі,
Жуынады қаншама?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері