Жануарларды санау

Бұл бетте «Жануарларды санау» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Саусағыңды біртіндеп,
Бүгіп отыр, Еркінбек!..
Ал бастайық санауды,
Ұйқасымен қалаулы.

Бір дегенім – бұзау,
Болмасын үсті қылау.

Екі дегенім – ешкі,
Өзі сондай есті.

Үш дегенім – үлек,
Жүні түсер түлеп.

Төрт дегенім – түйе,
Түйеге бол ие.

Бес дегенім – бұлан,
Демен оны құлан...

Алты дегенім – арқар,
Керіліп мүйіз шайқар.

Жеті дегенім – жорға,
Жайлы мінсең жолға.

Сегіз дегенім – серке,
Қой ішінде ерке.

Тоғыз дегенім – тайлақ,
Маң-маң басқан маймақ.

Он дегенім – өгіз,
Өзі сондай семіз.

Он бірінші – елік,
Сүйкімді өзі керік.

Он екінші – киік,
Секіреді биік.

Он үшінші – қозы,
Мөлдіреген көзі.

Он төртінші – лақ,
Шұнтыңдаған шұнақ.

Он бесінші – баспақ,
Болмас оны жасқап.

Он алтыншы – қоян,
Ұйқыңнан тез оян.

Он жетінші – көжек,
Батыр емес, өжет.

Он сегізінші – есек,
Есекке атпа кесек.

Он тоғызыншы – атан,
Сатып алған атам.

Жиырмасыншы – сиыр,
Тілі сондай сүйір.

Жиырма бірінші – жайран,
Салған еркін сайран.

Жиырма екінші – теке,
Тие көрме, көке.

Жиырма үшінші – құнан,
Үйретуді ұғам.

Жиырма төртінші – қошқар,
Қазандай онда бас бар.

Жиырма бесінші – құлан,
Құланды қарап тұрам.

Жиырма алтыншы – бұқа,
Терісі деме жұқа.

Жиырма жетінші – бөкен,
Суретін салып өтем.

Жиырма сегізінші – тай,
Бала мінуге сай.

Жиырма тоғызыншы – қой,
Қойлы ауылда той.

Отызыншы – ботам,
Әніме оны қосам!

Отызға дейін жеттім,
Отыз шыбық ектім!
Саусағымды бүктім,
Санамақты біттім!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері