Үйдегі жай

Бұл бетте «Үйдегі жай» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мамам асты пісіріп,
Әзірледі түсіріп.

Біз бәріміз қол жудық,
Асығыстау тез жудық.

Папам пышақты қайрады,
Етті сосын турады.

Атам басты жайлады,
Миын алып сайлады.

Әжем мүжіп жілікті,
Майын қағып, қылғытты.

Құлақ берді Сабырға,
Маған тиді қабырға.

Қарындасым шек жеді,
Майдан қорықпай, көп жеді.

– Бөліп же, – деп, – бүйректі,
Әр кез бізді үйретті.

Жұлыны бар омыртқа
Жеке тиді Хамитке.

Құйрық, бауыр асаған
Атам ұзақ жасаған.

Тамсандырып бәріңді,
Мамам жеді қарынды.

Болсақ та біз қанша адам,
Құр қалмадық құйқадан.

Туралды ет, бас табақ,
Тұздық құйды бастап-ақ.

Жас сорпаның дәмін-ай,
Табақтағы ет – бәрі май.

Қой сойғанда осылай,
Мәз боламыз, досым-ай!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері