Шаһнама

Бұл бетте «Шаһнама» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Шаһтар бар, батыр да, құл да бар,
Шабытты шайыр да, сұм да бар,
Шаһнама – патшалар кітабы
Шыңдалған тарихи тұлғалар.
Шарғысы – уланған ас, дәмі,
Шолғыншы шайхысы – қас жаны,
Ширыққан шайқастан тұратын
Шаһнама – ерліктің дастаны.
Шежіре жыр болып әр үйде
Шарқ ұрған Ескендір, Дарий де,
Шертілер төрт мың жыл тарихы
Шырғасыз табасың бәрін де.
* * *
Шаһнама, Шаһнама, Шаһнама,
Батырлар жыры бұл топтама.
Бас алмай оқисың күні-түн,
Бастасаң болғаны тек қана.
Оқумен жастана, жата біз,
Сан қилы қызыққа батамыз.
Қазақша сөйлеткен дастанды
Жасасын Тұрмағамбет атамыз!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері