Мазақтамалар

Бұл бетте «Мазақтамалар» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Әлмұраттың «ерлігі»
----------------------------
Ерлік айтса Әлмұрат
Ағын судай тасады.
Жуынарда ал бірақ,
Судан қорқып, қашады.

Қорабай
------------------------
Беті-қолы қара май
Мынау біздің Қорабай.
Мазақ қылар қыздарды,
Өз түріне қарамай.

Апасының Мұраты
--------------------------
«Күнде ерте тұратын,
Беті-қолын жуатын,
Мұндай бала бар ма?» – деп,
Мақтайды апам Мұратын.
Ал Мұраты шалағай,
Тіс ысуға жарамай,
Ентелейді тамаққа
Алды-артына қарамай.

Әйбат бала
---------------------------
Әйбат бала үлгі етіп,
Ұстайды үсті-басын да.
Тырнақтарын кірлетіп,
Өсірмейді шашын да.

Салақ бала
--------------------------
Кір-қожалақ ұсқыны
Құбыжыққа бара-бар,
Алқам-салқам ышқыры
Салдыр-салақ бала бар.
Теріс қылық, әдетпен
Салақтыққа жетелер.
Ондай жаман әдеттен
Аулақ болыңдар, бөпелер!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері