Әдептілік әліппесі

Бұл бетте «Әдептілік әліппесі» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«...Көп айтып созбайын,
Әдептен озбайын.»
Абай.

А
Арлылық пен адалдық
Арлылық пен адалдық –
Ұлы қасиет адамдық.
Адал болсаң арлы да,
Жуымас еш жамандық.

Ә
Әдептілік
Түзу болса сәлемің,
Сұлу болса әлемің.
Осы болар әдебің,
Ибалы да әдемім.

Б
Байыптылық
Шаруа қылсаң байыпты,
Болмассың еш айыпты.
Байыптылық байсалды
Мінезімді байытты.

Д
Дархандық
Келер әдеп ендігі:
Қазағымның елдігі –
Даламыздай дархандық,
Пейіліңнің кеңдігі.

Е
Елгезектік
Сөз қайтармас тіл безеп,
Інім менің елгезек.
Жұмсай қалсаң бір жаққа,
Елп етеді сол мезет.

Ж
Жинақылық
Ынта қойып, тырыс та,
Жинақы бол жұмысқа.
Жинақылық қажет-ақ
Әрбір жүріс-тұрыста.

З
Зейінділік
Ілім-білім – қоректі,
Сақтай білер деректі,
Зейінділік зеректі
Қасиет бұл керекті.
Қанатты жолдар:
Ұялмас үшін кейін, сіз,
Іс қылмаңыз зейінсіз.

И
Имандылық, ибалық
Ашық-жарқын дидары,
Үлкен-кіші сыйлары –
Бала болсаң ибалы
Ол – кісілік иманы.

К
Кішіпейілдік
Досы үшін керек пе,
Тәуекелге бара алар,
Дайын әр кез көмекке
Кішіпейіл бала бар.

Қ
Қайсарлық
Қайсарлығың – жанылған
Қажыр, қайрат, жігерің.
Қайсарлықпен танылған
Қазақ деген ұлы елің.

М
Мейірімділік
Мейірімділік – шуақты
Күннің нұры сияқты.
Барлық ізгі қасиет
Содан алар қуатты.

О
Орнықтылық
Шыңдай түсер білімді
Көрігіндей ұстаның,
Орнықтылық – түбірлі
Тұрақтылық ұстаным.

Ө
Өрелілік
Өрісті болса өреңіз,
Өрге жүзер кемеңіз.
Өрелі өрен ісінен
Ел ертеңін көреміз.

П
Парасаттылық
Парасат – тәлім, тектілік,
Азаматтық болмысың.
Көпті білу, көпті ұғып,
Алынғанша соңғы шың.

Р
Рақымшылдық
Рақымшылдық – мейірбан
Кешірімің қайырған.
Рақымшылдық күтеді ел
Мейірімге бай ұлдан.

Т
Табандылық
Төзімі мол, бағамды
Жігіт болсаң табанды,
Дегеніңе жетерсің
Жеңіп қиын заманды.

Ұ
Ұждандылық
Ұждандылық – намысың,
Күресе білу ар үшін.
Қайнап бойда ұжданың,
Намысыңды жанысын.

Ү
Үміткерлік
Қол созар білім, білікке,
Талпыныс қажет жігітке.
Арманға жету тиегі –
Ізденіс, талап, үмітте.

І
Ізеттілік
Үлкендерге ілтипат,
Қамқорлығың кішіге,
Ізгі қасиет бұл қымбат
Түсінетін кісіге.

Ы
Ыждағаттылық
Білімің мен күшіңе
Арттыратын талапты,
Ыждағат – әр ісіңе
Ұқыптылық жауапты.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері